Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар әлі күнге дейін Bek Air-дан ақшаларын қайтара алмай жүр

Қазақстандықтар бұрын сатып алған Bek Air әуе билеттерінің ақшасын қайтара алмай жүр. Компания 3,5 жылдан астам рейс орындамағанына қарамастан, жолаушылар пайдаланылмаған билеттері үшін өтемақы әлі ала алмай отыр. Бұл туралы  Stan.kz  ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Фото: n.qamshy.kz

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті әуе компаниясы банкроттыққа ұшырағанына қарамастан жауапкершіліктен босатылмағанын атап өтті.

"Шағымдардың көбісі Scat, Air Astana және Bek Air авиакомпанияларына қатысты. Сонымен қатар, FlyАrystan компаниясына қатысты шағымдар көбейіп, басқа да шетелдік авиакомпанияларға қатысты шағымдар бар екенін айта кету керек. Бүгінгі күні Комитет Bek Air АҚ 3428 сатып алынған билеттің жалпы сомасы 144,3 млн теңгеден асатын сомаға 7 талап-арыз жолданды", - деді Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыруды бақылау және қамтамасыз ету басқармасының сарапшысы Жансая Дадын. 

Қаржысын ала алмай жүрген азаматтар әуе компаниясына бірнеше рет тікелей хабарласып, талап-арыз да жолдап, call-орталыққа жазғанымен, нәтиже болмаған. Осыдан кейін олар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгінген, бірақ әзірге ешбіріне төлем қайтарылмады.

 "Осыған байланысты біз 2020 жылдан бері алты талап арыз бердік, енді жетіншісін жібердік, соңғысы деп үміттенеміз. 11 адам 599 мың теңгеге 15 билет сатып алған. Арада төрт жылға жуық уақыт өтсе де, шағымдар әлі де келіп жатыр. Біз комиссия атынан шағымдарды жолдап жатырмыз", - деп мәлімдеді  комитеттің баспасөз қызметі.

Комитет  бұл жұмыстар құқықтары бұзылған тұтынушылардың арыздары толық шешілмейінше жалғасатынын атап өтті. Талап қою мерзімі  де ескерілмейді, өйткені өтініштер 2023 жылы түскен.

Айта кететін жайт, көлік және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, әуе компаниясының кінәсімен рейстер кешіктіріліп немесе тоқтатылған жағдайда жолаушыларды тамақпен, салқын және ыстық сусындармен, қонақүйде тұруды, сондай-ақ қонақ үйге және кері қайту үшін көлікпен қамтамасыз ету керек. Ал егер рейс 10 сағат және одан да көп уақытқа кешіктірілсе немесе жолаушының қалауы бойынша рейс тоқтатылса, келесі рейске қайта брондау (қызмет көрсетумен) немесе билет құны толығымен қайтарылады.

STAN.KZ
Сейсенбі, 18 Шілде, 2023 17:29
Талқылау