Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарлық бапкер жол апаты кезінде баланы денесімен жауып, құтқарып қалған: Ата-анасы оның әрекетін ерлік деп мойындауды талап етті

бапкер
Фото: Время

Павлодарлық футбол бапкері Әлібек Жүсіпов жол апаты кезінде қасындағы баланы құтқару үшін өзін құрбан етті. Қайғылы оқиғадан кейін оның ата-анасы ұлының ерлігін мемлекеттік деңгейде мойындауды сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Павлодардағы “Атлетик” футбол клубының екі бапкері Астанада өтетін кезекті жарысқа аттанған. Олар әдеттегідей шағын автобустың алдыңғы орындарына жайғасқан. Артқы жақта олардың 14 жастағы 16 тәрбиеленушісі отырған. Жас футболшылар алдағы тартысты ойындарды асыға күтіп келе жатқан еді. Жолда екінші бапкердің белі немесе аяғы сыр беріп, ол өз орнын тәрбиеленушілерінің біріне берген.

“Егер сол кездейсоқ жағдай болмағанда, ұлым аман қалар еді. Спортшылар төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керегін біледі. Жүк көлігін басып озу кезінде жүргізуші рульге ие бола алмай қалған. Сол сәтте Әлібек қасында отырған баланы құшақтап, оны қорғауға тырысқан. Салдарынан өзін құтқаруға мүмкіндігі болмай, көлік жол қоршауына соғылып, кейін аударылған кезде ауыр жарақат алған”, – деді қаза тапқан бапкердің әкесі Жаңаберді Жүсіпов.

Апат кезінде балалар аман қалған. Тек Әлібек Жүсіпов ауыр жарақаттары салдарынан қаза тапқан. Дәрігерлердің айтуынша, бапкер бірден көз жұмған. 

Әлібектің апат кезінде тәрбиеленушісін өз денесімен жауып, оның өмірін сақтап қалғаны ресми құжаттарда да көрсетілген. Бұл Ерейментау аудандық полициясы жолдаған хатта жазылған. Сонымен қатар бұл дерек жол апатына кінәлі жүргізушіге қатысты сот үкімінде де айтылған.

Жүргізуші екі жылға бас бостандығынан айырылды.

бапкер
Фото: Время

Астана-Ерейментау-Шідерті тас жолындағы қайғылы оқиғаға бір жылдан астам уақыт өтсе де, Әлібектің ата-анасы ұлынан айырылған қасіретті әлі еңсере алмай келеді.

“Кейде өзімізді кінәлаймыз. Әлібекті бес жасында футболға өзіміз әкелдік. Кейде мен сияқты құқық қорғау саласына барғанда, тағдыры басқаша болар ма еді деп ойлаймын”, – дейді әкесі Жаңаберді Жүсіпов.

Футбол Әлібектің өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Ол өзін басқа мамандықта елестете алмаған.  Оның жеке бөлмесі әлі күнге дейін түрлі дипломдар мен медальдарға толы.

“2006 жылы Әлібек “Қайрат” клубының құрамында өз жас санатында Қазақстан чемпионы атанды. Бұл оның өміріндегі ең табысты жылдардың бірі болды”, – дейді әкесі.

Жас футболшының болашағы жарқын еді. Алайда Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында ауыр жарақат алып, кәсіби спорттағы мансабын аяқтауға мәжбүр болған.

Кейін балалар мен жасөспірімдер футболы бойынша магистратураны тәмамдап, бапкерлікке бет бұрған. Ағылшын тілін еркін меңгерген ол шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, Еуропа мен АҚШ бапкерлерінің әдістерін қазақстандық футболға енгізуге тырысқан. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 13:05