Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түнгі 2-де оянып, балабақшадан орын алуға тырысамыз": Нұр-Сұлтан тұрғындары балаларын мемлекеттік балабақшаға орналастырудағы қыйындықтарға шағымданды

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны баласын мемлекеттік балабақшаға орналастыру мұңға айналғанын айтып шағымданды. Оның сөзіне сүйенсек, әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлер жеңілдікке ие болғандықтан қарапайым тұрғындар балаларын балабақшаға бере алмай қиналуда. Мәселенің мән-жайын Stan.kz тілшісі анықтаған болатын. 

балабақша

Сағынғали Қалиев есімді Facebook қолданушысы әлеуметтік желідегі жазбасында үйінің жанындағы балабақшаларға баласын орналастыру мүмкін еместігін жазады. Айтуынша, бірінші кезекте әскерилер мен арнайы орган қызметкерлерінің балаларына басымдылық берілгендіктен мемлекеттік балабақшалар толып кетеді. Ал қарапайым тұрғындар мектепке дейінгі мекемені қаланың сыртынан іздеуге мәжбүр болады. 

"Тіпті босаған санаулы орынның өзі кезектен тыс алатын азаматтардың балаларына беріледі. Бос орны бар тек қаланың сыртындағы балабақшалар екен. Осылай жүріп, жеті мекеменің табалдырығын тоздырдым. Әскерлерді қолдау керек екенін мен жақсы түсінемін. Оларға жоғары жалақы беріп, төленетін тұрғын үймен қамту, зейнетке ерте шығуға жағдай жасау орынды. Алайда мұның барлығы біздің қаржымызға жасалып жатыр ғой”, - деп жазды ол.

Жазба астында пікір қалдырған желі қолданушылары елордалық азаматпен толығымен келісетінін жарыса жазды.  

"3 балам жекеменшік балабақшаға барды. Төртінші баламды мемлекеттік мекемеге беремін деп ойладым. Біз көпбалалы отбасы болғандықтан, жеңілдік жсалған. Кезекте 119-шы болып тұрғанбыз. Ал орындарды бере бастағанда бірден 1 900-шы орынға түсіп қалды. Оның үстіне порталға бірінші күні 6:59-да кірдім. Бастапқыда балабақшалар тізімі көрінбей тұрған, 07:01-де жүйе жаңарып, орындардың қалмағанын көрдім. Орын саны өте аз еді. 2-3 жастағы балалар тобында 1-2 орын ғана босаған. Тағы да жекеменшік балабақшаға беру керек. Портал жұмысы түсініксіз, барлығы ашық көрсетілмеген, жүйе жиі істен шығады. Техникалық қолдау сұраққа нақты жауап бермейді. Сонымен қатар қазір әскерилердің кесірінен кезек артқа қарай жылжып жатыр", – деп пікір қалдырды Айнұр Бейсекеева есімді желі қолданушысы. 

"Кезекке 2020 жылдың қазанында тұрғанбыз. Кезекте 7 330 адам болған, қазір 7 576", – деп қосты Болат Тусупов есімді желі қолданушысы. 

"Бірінші баламды мемлекеттік балабақшаға бере алмадым. Қазір мектепте оқиды. Екінші балама да мемлекеттік балабақшадан орын ала алмай жүрмін. Кезекті жіберіп алмау үшін порталды түні бойы қарадым. Еш нәтиже шықпады", – дейді Анар Тулепова есімді желі қолданушысы. 

“Иә, расымен баланы балабақшаға орналастыру үлкен мәселе. Тіпті біз секілді көпбалалы отбасы үшін. Біздің алдымыздағы кезек азаймайды, керісінше көбейіп келеді. Түнгі 2-де, 4-те, таңғы 7-де орын алып қалуға тырысамыз. Бірақ пайдасы жоқ. Мәліметтерді енгізсең, аяқ асты шығарып тастайды. “Хакерлерге” ақша беру арқылы істеу керек деген кеңестер де болды”, – деп мәлімдеді Сергей Садыков есімді желі қолданушысы.

Осы мәселе қатысты Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасына сұрау жолдаған болатынбыз. Басқарма балабақшаларға әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің балалары кезектен тыс орналасатынын растады. 

"Бірінші кезекте – педагогтер, мүгедектер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және жетім балалар, көп балалы отбасылардан шыққан балалардың заңды өкілдері  (жеңілдіктердің осы санаты "үшке бір" ара-қатынасында жолдама алады: жеңілдік санатындағы бір өтініш беруші және жалпы негіздегі үш өтініш беруші). Осыған байланысты кезектен тыс санатқа өтінімді тіркеген кезде, кезекте тұрған барлық өтініштер осындай өтініштердің санына пропорционалды түрде кері жылжытылады", – деді басқарма өкілдері.  

Ведомство мәліметінше, әдістемеге сәйкес жолдама алған кезде кезектен тыс алушылар мен бірінші кезекте алушыларға 3 күн басымдық күні беріледі. 

"Содан кейін 4-күні (еркін қол жеткізу күні) басқа кезекте тұрушыларға орындар кезек-кезек қолжетімді болады. Мектепке дейінгі ұйымдарда "мемлекеттік, жекеменшік балабақшалар мен шағын орталықтар) электрондық жүйе арқылы әр ата-анаға балабақша алуға мүмкіндік беріледі. 2022 жылы босаған орындар саны 21 978-ге тең", – делінген басқарма хабарламасында.

Талқылау