Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымыз қаңғырып жүр": ШҚО-да байланыс аясынан тыс қалған ауыл тұрғындары бас көтерді

Дәстүрлі емес, онлайн оқуға көшкен Шығыс Қазақстан облысының кейбір ауылдарында әлі күнге дейін не интернет, не мобильді байланыс жоқ. Ал Қоянбай ауылының мектеп оқушылары онлайн сабақты теледидардан ғана оқыса, студенттері қаладан пәтер жалдап оқып жүр. "Балаларымызбен байланыса алмай отырмыз" деген бір топ ата-ана ауылда бас көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Қоянбай ауылының тұрғындары ауылда не интернет желісі, не ұялы байланыс жоқ екенін айтып шағымданды. Соның салдарынан оқушылар тек мектептен, ал ауылдың студент жастары сабақтары онлайн болса да қаладан оқуға мәжбүр.

"Өзімде екі студентім бар. Соны қазір онлайн сабақ. Қалада біз мәжбүр болғандықтан пәтер жалдап, сонда тұрғызып жатырмыз. Енді ол интернет болса балаларымыз үйде отырушы еді. Біз ішкенді ішіп, жылы жерде, тыныш қана қаңғырмай жүруші еді", - деді Қоянбай ауылының тұрғыны Самал Тоғанбекова.

"Интернет керек. Міндетті түрде интернет керек. Екі балам тоғыз оқиды, міне, келесі жылы студент болса қайда барамын. Қаңғыртып қоя беремін бе?! Мысалы, онлайн болса", - деді Қоянбай ауылының тұрғыны Жұмагүл Мұқатаева.

Ал аудандық әкімдіктегілер аудан бойынша шалғай жатқан үш-төрт ауылда интернет жоқ екенін айтады. Бірақ байланыс операторларымен келісімшарт жасалған, тек кестеге сәйкес кезекпен орнатып жатыр.

"Осы нақты Қоянбай ауылы желтоқсан айында интернетпен қамтамасыз етілуі қажет. Бүгінгі күні "Теле2" компаниясының мұнарасы құрылып жатыр, ауылда. Жиырма бірінші жылға 4G интернетпен кіру жоспарланып отыр", - деді Бесқарағай аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сұңғат Назаров.

Тұрғындардың айтуынша, ауылға ат ізін салмаған атқамінерлер түсірілім тобы келді дегенді ести сала аудан орталығынан ағылыпты. Тіпті бұған дейін болмаған интернет желісі аяқ асты іске қосылып, жиналғандардың ұялы телефондарына қоңыраулар келе бастаған. Бірақ қуаныш көпке созылмайды, өйткені бұл көрініс - көзбояушылық, дейді олар.

Талқылау