Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қарулы рэкеттер ұсталды: Олардан автомат пен 500-ден аса оқ тәркіленді

Фото: Видеодан скриншот

Алматыда Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері адам ұрлау және денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу аясында ауқымды арнайы операция өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

27 наурызда жүргізілген жедел әзірлеме барысында кешенді тергеу-оперативтік іс-шаралар іске асырылды. Нәтижесінде барлық қатысушы ұсталды.

Құқық қорғаушылар 17 санкцияланған тінту өткізген. Осының барысында заңсыз айналымдағы атыс қарулары, оның ішінде сәйкестендіру нөмірлері жоқ тапаншалар мен Калашников автоматы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі шамамен 500 оқ-дәрі тәркіленді. Жедел ақпаратқа сәйкес, тәркіленген қару-жарақ кәсіпкерлерге қылмыстық қысым көрсету үшін қолданылмақ болған.

ІІМ деректеріне қарағанда, дер кезінде қабылданған шаралар ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік берді.

“Заң мен тәртіп” қағидасы өзгеріссіз сақталады: қылмыстық қысым көрсетуге немесе тұрақсыздық тудыруға бағытталған кез келген әрекет заң шеңберінде тоқтатылады”, – делінген ведомство хабарламасында.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 27 Наурыз, 2026 16:12