Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда "Saraishyq Upgrade 2026" халықаралық жастар форумы басталды

форум

Атырау төрінде креативті жастар мен сарапшылардың басын қосқан дәстүрлі "Saraishyq Upgrade 2026" халықаралық жастар форумы басталды. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан ауқымды шара "Infinity Event Hall" кешенінде өтуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  хабарлайды.

Биылғы форумға 4 шет мемлекет Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузиядан және Қазақстанның 15 облысынан 100-ден астам қонақ келді. Жергілікті белсенділермен қосқанда қатысушылардың жалпы саны 300-ден асады.

форум (1)

Салтанатты ашылу рәсіміне Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қатысып, жастарға қолдау білдірді.

"Мемлекет басшысының басты тапсырмасының бірі – креативті индустрияны дамыту. Осы орайда өңірлерде креатив хабтар ашылды. Таланттарды анықтау, олардың жобаларына қолдау жасау бағытында бүгінгі форумның маңызы жоғары", – деді облыс әкімі.
форум (2)

Форум жұмысы заманауи креативті индустрияның 6 негізгі бағыты бойынша өтуде. Кинематография, Маркетинг, Музыка, Event индустрия, Хореография, Жасанды интеллект бойынша сарапшылар келді.

Форум қатысушыларының бірі Ақтау қаласынан келген Мырзатай Нұрсұлтан жыл сайын бұл форумды жібермей қатысатынын айтты. Осымен ол үшінші рет командасымен келіп кино бағыты бойынша қатысуда.

форум (3)

Екі күнге созылатын бағдарлама аясында пленарлық сессиялар, шеберлік сағаттары мен кейс-стадилер ұйымдастырылған. Сонымен қатар қатысушылар үшін "Хан Ордалы Сарайшық" музей-қорығына тарихи-танымдық экскурсия қарастырылған.

форум (4)

Форумның басты ерекшелігі – жас таланттарды қолдауға бағытталған "Үздік жоба үшін Grant" байқауы. 6 бағыт бойынша үздік шыққан жобалардың әрқайсысына өз идеясын жүзеге асыру үшін 500 000 теңгеден (жалпы гранттық қоры 3 млн теңге) қаржылай сыйақы беріледі. Сондай-ақ қатысушылар арасында креативті мазмұнды бағалайтын "Үздік жарияланымдар" SMM-байқауы өтуде.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 12:38