Тұрғындар Ресейді кінәлауда: Атыраулықтар Жайықтың бір бөлігі кеуіп қалды деп дабыл қақты
Атырауда Жайық өзенінің бір бөлігі кеуіп қалып, өзенде арал пайда болды. Бұл тұрғындар мен табиғат қорғаушыларының наразылығын тудырды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Атырау қаласы маңындағы Алмалы ауылы тұсында өзен қатты таязданып, екінші жағаға жаяу жүріп өтетіндей құмды аралдар пайда болған. Өзенде құмды аралдардың пайда болуы өзен суы азайғанын білдереді. Әлеуметтік желіде тартылған Жайық өзенінің суреттері пайда болып еді, сол сәтті қоғамдық резонанс пайда болды.
“Болашақта Жайықтан не қалады? Батыстағы ең ірі өзенімізден айырылып қалатын болдық. Неге Қазақстан Ресейге қарсылық нотасын жіберіп, су көлемін көбейтуді сұрамайды?” – дейді тұрғындар.
Алайда экология белсендісі Арман Хайруллин "бұл табиғи апат емес, құбылыс" деп санайды.
“Бұл Жайықтың қайраңды таяз жері. Қайраңда қалқымалы заттардың қалып қоятынын бәрі біледі, су баяу жүргендіктен осындай "аралдар" пайда болады. Бұрын қайраңдар үнемі тазартылып тұратын, бірақ жергілікті билік көптен бері бұл жұмыстарды жасамады”, – дейді экология белсендісі, "Атамекен-Эко" ҚҚ төрағасы Арман Хайруллин.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Жайық өзенінің қала маңындағы Алматы ауылы тұсындағы таяздануы желдің әсерінен болған деп мәлімдеді.
“Бұл жер желді және желден пайда болатын су толқыны аймағында орналасқаны анықталды. 19 және 20 қыркүйекте солтүстік-батыстан соққан жел Каспий теңізі деңгейіне әсер етіп, Жайық таязданып, аралдар пайда болды. Қазір бұл аймақта оңтүстік-батыстан жел соғып тұр, сондықтан судың толқыны кері соғып, аралдар қайта суға толатын болады”, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Мамандар соңғы жылдары өзен бассейнінде су азайғанын растап отыр.