"Үй-жайы бар екені анықталды": Премьер-министрдің орынбасары атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны қысқарғанын айтты
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап беріп, атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкімет
"Жалпы президент мемлекеттік көмек мұқтаж азаматтарға берілу керек деген қағидатты ұстанады және ол өте дұрыс деп ойлаймыз. Сондықтан бүгінде әлеуметтік заңнамаларда қарастырылған әлеуметтік көмек саны кемімейді. Бірақ тағайындаған кезде мұқтаж азаматтарға беру мәселесін, әлеуметтік теңдікті қалыптастыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Сондықтан біз негізінен азаматтар мұқтаж ба, мұқтаж емес пе, соған көбірек көңіл аударамыз", – деді Тамара Дүйсенова.
Ол табысы жеткілікті адамдар да мемлекеттен көмек алып отырғаны анықталды дейді.
"Естеріңізде болса, бұдан 3-4 жыл бұрын 2 млн азамат атаулы әлеуметтік көмек алды. Сіздердің де көмектеріңізбен тексерген кезде өте көп азаматтың үй-жайы, табысы бар екеніне көз жеткіздік. Қазір бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ механизмдерін әрі қарай жетілдіреміз. Өткен жылдың есебін қарасаңыз, 500 мыңнан астам адам атаулы көмек алған. Сонда біз және жергілікті мемлекеттік органдар нағыз мұқтаж азаматтардың санатына келе жатырмыз деп айтуға болады", – деді ол.
Сонда "мұқтаж азаматтардың саны қысқаруы мүмкін бе" деген журналист сұрағына вице-министр "егер мұқтаж болса, сол 500 мың адам ала береді" деп жауап берді.