Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайдан арзан тауар аламыз деп үміттенген астаналық әйелдер алданып қалды

Астанада арзан тауар сатып алмақ болып алдандық деген әйелдер шу шығарды. Бас прокуратураның алдына жиналғандар қылмыстық істің созылғанына наразы. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кытай зат

Айтуларынша, тікелей Қытай зауыттарынан тауарды төмен бағада алып беремін деген адамға сеніп, қыруар қаражатқа онлайн тапсырыс берген. Бірақ тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ пен тағы басқа заттардың көбі көрші елден сол күйі келмеген. Ал жұрттың миллиондаған ақшасын жинап алды деген күдікті қазір “алаяқтық” бабы бойынша тергеліп жатыр. 

Бас прокуратураның алдына жиналғандар еліміздің түкпір-түкпірінен келген. Барлығы Қытайдан арзан тауар аламыз деп оңбай опық жедік дейді. Сөздерінше, өздерінің және өздеріне сенгендердің ақшасын бір адамға аударған. Есесіне ол Қытайдан өте төмен бағада ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника мен жиһаздарды алып беріп отырған екен. Алғашында бәрі жақсы басталғанымен, кейін тапсырыстың келуі тіптен қиындады, дейді олар. 

“Үш жүз миллион өткіздім. Бұл ақшаны қашан қайтарамын?! Әке-шешем ұстап көрмеген ақша бұл. Мен ұстап көрген жоқпын бұл ақшаны. Бүкіл халықтың ақшасы 84 миллиард. Сұмдық ақша. Оның бәрін қайда жіберді? Бәрін тексерсін”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Гүлсім Османбаева.



Көтерме саудамен айналысуды көздеген әйелдер жүздеген чат ашып, тауарды халыққа онлайн саттық дейді. Бірақ табыс табамын деген келіншектер уәдесін орындамаған бір адамның кесірінен қарызға белшеден баттық деп қапалы.

“Суммамыз өте көп. Өте үлкен. Мен басында алданғанда ойлағам ғой. Аманат қой енді. Өзім ақыретім үшін төлеймін деп. Төлеп келем шамам келгенше, бірақ менің шамам жетер емес. Біз қатты қиналып жатырмыз. Халық бізді түсінбейді. Біз халықтың жанайқайын арқалап келіп отырмыз. Біз жоғарыдан көмек сұраймыз”, –дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айгүл Мыңбаева.

Жүздеген адамды алдады деген күдікті қазір үй қамақта отыр. Алайда Астанада жиналған жандар тергеу алға жылжымай келеді деп ашулы. Ал прокурорлар атышулы істі бақылауға алғандарын жеткізді.  

“Күдікті іс бойынша анықталған. Жәбірленушілердің көптігіне байланысты тергеу әрекеттері жүргізілуде. Басқа ақпарат қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды. Сонымен қатар аталған іс Алматы қаласы прокуратурасының бақылауына алынды”, – деп түсіндірді Алматы қалалық прокуратурасының ресми өкілі Нұрсұлтан Жидебай.

Қылмыстық істің қанша уақыт бойы тергелетіні әзірге белгісіз. Жәбірленушілердің нақты саны мен шығын көлемі де әзірге беймәлім.

Талқылау