Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада электр жарығы сөнген уақытта өрт шығып, зейнеткер қаза тапты

Астанада 30 қазанға қараған түні тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, салдарынан 72 жастағы әйел қаза тапты. Ақпаратты елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көрнекі сурет

ТЖД мәліметінше, 30 қазан күні сағат 00:22-де "101" пультіне Манас көшесі, 3/1 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына аттанған. Сөндірушілер келген уақытта бес қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінің бірінші қабатында 18 шаршы метр аумақты құрайтын тұрмыстық заттар мен жиһаздар жанып жатқаны анықталған.

“Өрт орнынан 1951 жылы туған әйелдің денесі табылды”, – делінген ақпаратта.



Тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарынан 51 тұрғын эвакуацияланды, оның ішінде 14 бала бар. Өртті жеке құрамның 16 қызметкері төрт техниканың көмегімен сөндірген. Өрт сағат 00:44-те сөндірілген. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Әлеуметтік желілерде өрт шыққан тұрғын үйдің ауласы видео жарияланған. Кадрларға қарағанда, өрт кезінде аймақта жарық болмаған.

Еске салайық, 29 қазан күні кешке Астананың үш ауданының тұрғындары ЖЭО-2-дегі қысқа тұйықталу салдарынан жарықсыз қалды. Сондай-ақ елорда тұрғындары су, жылу және ұялы байланыстағы ақаулар туралы хабарлаған.

Талқылау