Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бортсерікті ұрды": Астана әуежайында мас жолаушыдан зәбір көрген ер адам күдіктінің үйқамаққа жіберілгеніне наразы

FlyArystan әуе компаниясының Астана-Өскемен рейсіне отырғызу кезінде ұшақта жанжал шығарып, бортсерікке шабуыл жасаған жолаушы үйқамақ жіберілді деген ақпарат тарады.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Facebook.com/azamatyergaly

Ұшақтағы бортсерікке шабуыл жасаған бұзақыдан зәбір көрген тағы адам желіде істің мән-жайы туралы айтты. Азамат Ерғалиев есімді ер адам сол күні Астана-Өскемен рейсінде болған. Жәбірленуші ретінде ол айыпталушының үстінен арыз жазған. Алайда рейстің берекесін алған ер адам үйқамаққа жіберілген. 

“Ер адам бортсерікті ұрды. Таяқты бір ұшы маған да тиді. Мен оның алдындағы орында отырған едім. Орнымнан тұрып, одан тоқтатуын сұрадым. Қоймай салондағы адамдармен ұрысып, ұшақта бомба бар деп айғайлады. Бортсерік екеуіміз оның үстінен шағым түсірдік. Өйткені ол жұдырықпен білегімнен ұрды. БАҚ беттерінде оны уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы ақпарат тарады. Бүгін, 21 қаңтарда тергеуші мені бұзақылық іс бойынша сараптамамен және хаттамалармен таныстырды. Сөйтсем ол 15 қаңтардан бастап үйқамаққа жіберілген екен”, – деп жазды жәбірленуші. 



Азамат Ерғалиевтің айтуынша, айыпталушы 15 наурызға дейін қамаудан босатылып, үйқамаққа жіберілген.

“Қамаудан босатып жіберіпті. Мас адам қоғамдық орында адамдарды ұрып-соғып, бомба бар деп айғайлап, жұртты қорқытып, бәрін басына көтерді. Тергеушілер мен прокурордың айыпталушыны қамауға алуды талап етуіне қарамастан, сот оны 15 наурызға дейін үйқамаққа жіберді”, – делінген жазбада.

Астана қалалық соты іс материалдарының әлі тергеліп жатқанын айтты.

“Тергеліп жатыр, сотқа келіп түскен жоқ. Ол тергеу сотының санкциясы бойынша үйқамаққа жіберілуі мүмкін. Сот санкция бойынша ақпарат бермейді. Себебі іс материалдары әлі тергеу органдарында. Басқа мемлекеттік органда тергеу жүргізіліп жатыр. Іс сотқа келіп түспейінше, біз ақпаратты растай алмаймыз”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Астана әуежайында ер адам FlyArystan бортсерігіне шабуыл жасағаны туралы жазған едік.

Талқылау