Асқар Жалдинов "5:32" сериалын түсіргендерді сотқа берді
"Протоколдан тыс. Қазақстандағы атышулы қылмыстар құпиясы" кітабының авторы Асқар Жалдинов "5:32" сериалын түсіргендерді сотқа берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жалдиновтың айтуынша, "5:32" сериалына арқау болған хикаялар оның кітабынан рұқсатсыз алынған. Сотқа дейінгі шағымдар Salem Social Media ЖШС-ға, режиссер Әлішер Утевке және осы сериалда жұмыс істеген екі сценаристке жіберілген.
Автор сериалдың премьерасы 2021 жылы өткенін, ал кітап 2020 жылы жарық көргенін атап өтті.
"Өткен жылы сотқа берген жоқпын, өйткені бәлеқор атанып, дау-дамайдың ортасында жүргім келмеді. Бірақ, биыл Salem Social Media компаниясы мен олардың құрылтайшысы, Еуразия өнеркәсіптік тобы – ERG тарапынан жасалған іс-әрекеттер мені осы шешімді қабылдауға итермеледі және "спорттық қызығушылығымды" тудырды. Енді мен өз ақиқатымды сотта дәлелдегім келеді және сериал түсіргендердің осындай өрескел әрекеті үшін жазаланғанын қалаймын. Сот талабы да жақында болады", - деді ол өзінің Instagram-дағы парақшасында.
Айта кетейік, "5:32" сериалында қатыгез адам өлтіру қылмысын ашып, маньяктарды ұстаған қазақстандық полицейлер туралы баяндалады. Сериал 1990 жылдары болған шынайы оқиғаларға негізделген. Басты рөлдерде Әбілмансұр Серіков пен Марат Әміраев ойнайды.