Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арақсыз ауыл: Қызылордалық жастар ерекше бастаманы қолға алды

Қызылорда облысының жаңашыл жастары ерекше бастаманы қолға алды. Нақтырақ айтар болсақ, өңірдегі Шиел ауданы 21 бекет тұрғындары түбегейлі арақтан бас тартты. Енді аядай ғана ауылда арақ-шарап сатылмайтын болады, той-томалақтарда да ащы су ұсынылмайды. Бұл туралы Stan.kz тілшісіне ауыл тұрғындары айтып берді. 

Шиелі

Шиелі - Қызылорда облысының оңтүстік бағыттағы аудандарының бірі. 21 бекет те  "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" күре жолының бойында орналасқан. Қазір мұнда 120-дан астам отбасы түтінін түтетіп отыр. Уақыт өткен сайын ауылдың тіршілігі түзеліп, берекесі кіріп келеді. Жаңадан қолға алынған бастамадан қарапайым жұртшылықтың күтер үміті де зор. 

"Бүгінде ауыл жастарының белсенділігі қуантады. Арақсыз ауыл болайық деген ұсынысты көтеріп, көпке ой тастаған да осылар. Біз үлкендер қолымыздан келгенше қолдау білдіріп отырмыз. Бір ауыздан ізгілікті істі қолға алудамыз. Расымен, қазіргі уақытта арақтан келер зиянды дүниелер өте көп. Жаман әдеттен бойымызды аулақ ұстағанымыз дұрыс", - дейді ауыл ақсақалы Әлиярбек Сейілов. 

Қазіргі күні 21 бекетте бірнеше дүкен жұмыс жасайды. Халықтың сұранысын қанағаттандырып отырған кәсіпкерлік нысандардың жұмысын ендігі кезекте ауыл ақсақалдары бақыламақшы. Яғни, тұрғындар дүкендерде арақ-шарап пен сыраның сатылмауын қадағаламақ. Сонымен қатар, той-томалақ, отбасылық мерекелерге ащы судың сырттан әкелінбеуін жастар өздері реттемекші. 

"Арақ - көптеген отбасының шырқын бұзып, талай баланы жетім еткен дүние. Қазіргі жастардың көпшілігі шараптан бас тартуда. Бұл өте құптарлық жағдай. Өскелең ұрпақ харамнан тыйылып, жақсылыққа шақырып жүр. Ішімдікке құмар адам өзін ғана улап қоймайды, айналасындағыларға да зиянын тигізеді. Біз арақсыз ауыл болғымыз келеді", - дейді Шиелі ауданы 21 бекет тұрғыны Ибрагим Болат. 

Жергілікті жастар осы бастаманы көрші ауыл тұрғындары да қолға алса деген ниетте. Осы мақсатта олар жазбаша үңдеу жолдап, көпшілікті арақтан түбегейлі бас тартуға шақырмақшы.  

Талқылау