"Әр інісіне үй алып берген": Айс Мұратоваға алданған қазақстандықтар алаяқтың туыстарының да жазалануын талап етіп отыр
Айс Мұратова есімді келіншекке алданып, ақшасынан айырылған халық алаяқтың ақшаны өзіне ғана емес, туыстарына да аударғанын айтады. Жәбірленушілер алаяқтықпен келген ақша мен қымбат мүліктердің тәркіленіп, ақшаларын қайтаруын талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алаяққа алданған мыңға жуық жәбірленуші Қытайдан арзанға тауар алып, кәсібін дөңгелетеміз деп ойлаған.
“Бағасы тиын болды. Мысалы, бізде 11 мың тұратын шәйнектер 1500 теңге, 1000 теңге болып шығатын. Қасықтары 700-800-1000 теңгеден асып кетсе, солай боп шығатын. Ауру болдық, ішіміздегі баламыз түсті, өз-өзімізге қол жұмсаған күн де болды. Қан қысымым жиі көтеріледі. Қатты шаршадым”, – дейді Тараз тұрғыны Гүлнәз Мәлікова.
Жәбірленушілер Айс Мұратоваға көзсіз сенбеген. Айтуынша, алаяқ бастапқыда тауар жіберіп тұрған. Осылайша, сұраныс артқан. Олар тіпті, көтерме саудамен айналысқысы келетін өзге адамдардан онлайн тапсырыс жинаған. Ақшаны жинап алған соң алаяқтар халықты сан соқтырған.
“Жан-жақтан жеп жатыр. “Ақшамызды қайтар, біз Айсты танымаймыз, біз саған салдық. Сен ақшаны қайтар бізге. Қалай болса да тауып бер. Қай кезде бересің?” деп күнде жазады, күнде телефон соғады. Тыныштық жоқ”, – дейді ашынған алматылық тұрғын.
Ақшасын қайтара алмай жүрген халық “Айс Мұратова” деген лақап атпен танымал Арайлым Қожамұратованың жақындары мен туыстары да жазалансын деп отыр.
“Өзімде мың адам бар. Мың адамнан тапсырыс алып, Айсқа 100 миллионның үстінде тауарға деп ақша өткіздім. Ақшаны тек өзі емес, бүтін тума-туысқаны, інілеріне жіберткізді. Бәрі Гелендваген, неше түрлі қымбат-қымбат, 60 миллион, 130 миллионның көлігін айдап жүр. Әр інісіне, анасына үй сатып алып берген”, – дейді Орал тұрғыны Марина Ғапсаттарова.
Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. Былтыр тамыз айында оған қатысты алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстарының жалғасып жатқанына бір жылдай уақыт болды.
“Алматы полиция департаментінің тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-тармағы Аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек.
Күдіктіге алданған халық Алматы прокурорының орынбасары қабылдауында болып, талап-арыздарын айтты. Прокурор алаяқтыққа қатысы бар адамдардың бәрі жазаланады деп уәде берді.
Айта кетейік, "Кәсібімді жауып, 52 миллион теңге салдым" деп Айс Мұратова есімді келіншекке алданған бір топ қазақстандық заңгермен бірге полиция департаментіне жиналған еді.