Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

KAZ Minerals-тың Ақтоғай кен орнында 1,5 млн тонна мыс өндірілді

Каз миниралс

Ақтоғай кен орнында сульфидті кеннен 1,5 млн тонна мыс өндірілді. Бұл көлем – кәсіпорын іске қосылғаннан бері екі фабриканың ортақ нәтижесі. Он жылға жуық уақытта Ақтоғай Орталық Азиядағы мыс өндіретін ірі орындардың біріне айналды. Ақтоғай бұған қалай жетті, мұнда қандай кен өңделеді және мыс өндірісінің технологиясы қалай жұмыс істейді? Stan.kz тарқатып жазады.

каз миниралс1

Алғашқы фабрика қалай үлкен өндіріс орнына айналды? 

Ақтоғайдағы алғашқы өнім тотыққан кеннен алынды. 2015 жылы мұнда мыс катодын өндіре басталды. Ал 2017 жылғы 28 ақпанда сульфидті кеннен алғашқы тауарлық мыс концентраты өндірілді.

Ол кезде Ақтоғайда сульфидті кенді өңдейтін бір ғана фабрика істеді. Ақтоғай-1 жұмысын бастаған алғашқы жылдары мамандар жаңа жабдықтар мен технологияларды меңгеріп, өндірісті біртіндеп жолға қойды.

Бірінші фабриканың жылдық қуаты 25 млн тонна кен болатын. Алайда Ақтоғайдағы өндіріс көлемін одан әрі арттыру үшін бір фабриканың қуаты жеткіліксіз еді. Сондықтан 2017 жылдың соңында KAZ Minerals сульфидті кенді өңдеу қуатын екі есеге арттыратын екінші фабриканы салу туралы шешім қабылдады.

Ақтоғай-2: бірінші фабрикадағы тәжірибе қалай көмектесті?

Екінші фабрика 2021 жылы іске қосылды. Соның арқасында Ақтоғайдың сульфидті кен өңдеу қуаты жылына 50 млн тоннаға дейін өсті. Жаңа фабрика іске қосылғанда, мамандарға бәрін қайтадан үйренуге тура келген жоқ. Өйткені олардың бір бөлігі Ақтоғай-1-де жұмыс істеп, тәжірибе жинаған болатын.

Екінші фабрика қызметкерлерінің шамамен 40%-ы бірінші фабрикадан ауысты. Олар жабдықтардың қалай жұмыс істейтінін және өндірістің әр кезеңінде неге көңіл бөлу керегін жақсы білді.

Каз минералс2

Бұл жаңа фабриканың жұмысын тезірек жолға қоюға көмектесті. Мамандар бұрын кездескен мәселелерді ескеріп, жаңа фабрикада олардың алдын алуға тырысты.

Бүгінде кәсіпорынның екі фабрикасы да бір өндірістік жүйе ретінде жұмыс істейді. Екі фабриканың бірлескен жұмысының нәтижесінде сульфидті кеннен 1,5 млн тонна мыс өндіре алды: алғашқы фабрика 1 млн тонна, екіншісі шамамен 500 мың тонна мыс өндірді.  

"Бір жарым миллион тонна мыс – компания үшін үлкен нәтиже. Бұл көрсеткішке Ақтоғайдағы бүкіл команданың еңбегінің және өндіріс процесін жаңартқан жұмыстарымыздың арқасында қол жеткіздік. Бастапқыда жаңа жабдықтарды меңгеріп, қажет көрсеткіштерге жетуге тырыстық. Қазір фабрика тұрақты істеп тұр, автоматтандыру жүйелері де айтарлықтай дамыды", – дейді №1 фабриканың өндірістік қызмет бастығы Дәурен Байжігітов.

Бұл сандардың артында не тұр?

Ақтоғай басынан бастап үлкен көлемдегі кенді өңдеуге арналған өндіріс ретінде жобаланды. Сондықтан мұнда ауқымды өндіріс үшін арнайы ірі жабдықтар орнатылған.

Ақтоғай карьерінде кенді қазып алып, фабрикаға жеткізу үшін арнайы қуатты техника қолданылады. Карьерден шыққан кен фабрикаға жеткізіліп, алдымен ұсатылады, кейін ұнтақталады. Одан соң байыту кезеңінен өтіп, құрамындағы мыс басқа жыныстардан бөлінеді.

Алайда өндірістің тиімділігі тек жабдықтың көлеміне байланысты емес. Бұл нәтиженің артында оператор, технолог, инженер сияқты күн сайын өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі де бар.

Олар жұмыс барысында тәжірибе жинап, өндіріс тәсілдерін жетілдіреді, жабдықтарды тұрақты әрі тиімді пайдаланудың жолдарын іздеді. Бірінші фабрикада жинаған осы тәжірибе кейін екінші фабриканы іске қосқанда да көмектесті.

"Бұл нәтиже бізге әуелі команданың бірге жұмыс істей алуы қаншалық маңызды екенін көрсетті. Қауіпсіздік, мамандардың білімі, бөлімдер арасындағы байланыс және ортақ мақсатқа ұмтылу маңызды рөл атқарды. Біз бұл нәтижені бірінші немесе екінші фабриканың жетістігі деп бөлмейміз. Бұл – бүкіл Ақтоғайдың ортақ нәтижесі", – дейді №2 фабриканың өндірістік қызмет бастығы Алтынбек Ысқақов.

Каз минералс3

Өндірісте цифрлық технологиялар көптеп қолданылып келеді

Бүгінде Ақтоғайдағы көптеген өндірістік процесс автоматтандырылған. Арнайы жүйелер мамандарға өндірістің қалай жүріп жатқанын бақылап, кенді ұсақтау және өңдеу процестерін басқаруға көмектеседі.

Автоматтандырудың арқасында мамандар өндірістегі өзгерістерді тез байқап, қажет жағдайда процестерді реттеп, жабдықтардың тұрақты жұмысын қадағалай алады.

Ақтоғайда жасанды интеллект қолданатын жүйелер де сыналып жатыр. Олар өндіріс барысындағы көрсеткіштерді талдап, жабдықтардың тиімді жұмыс істеуіне қатысты шешім қабылдауға көмектеседі.

Алдағы уақытта мұндай цифрлық технологияларды одан әрі дамыту өндірісті тиімді әрі тұрақты етуге мүмкіндік береді.

Технологияны адам басқарады

Дегенмен техника адамның орнын толық баспайды. Керісінше, технология күрделенген сайын оны басқаратын мамандардың білімі мен тәжірибесіне қойылатын талап та арта түседі.

Қызметкерлер жаңа жабдықтар мен технологияларды қолдану, автоматтандыру, техниканы күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарын жоспарлау бойынша оқып жатыр.

"Жаңа технологиялар – жақсы мүмкіндік. Бірақ оны дұрыс пайдалану үшін білікті мамандар қажет. Олар технологияның қалай жұмыс істейтінін және оны қалай дұрыс баптау керегін білуі керек", – дейді Алтынбек Ысқақов.

Казминералс4

Бұл үлкен өндіріс үшін маңызды. Себебі ең заманауи жүйелердің өзі оларды басқаратын және қажет кезде дұрыс шешім қабылдайтын мамандарсыз жұмыс істей алмайды.

Сондықтан Ақтоғайдың тарихы тек үлкен техника мен жаңа технологиялар туралы емес. Бұл – жылдар бойы тәжірибе жинап, өндірісті бірге дамытып келе жатқан мамандардың да тарихы.

Казминералс5

Ақтоғайды алда не күтіп тұр?

Ақтоғайда өндірілген 1,5 млн тонна мыс соңғы нәтиже емес. Алда фабрикалардың жұмысын одан әрі жақсарту, жабдықтардың сенімділігін арттыру, автоматтандыру мен цифрлық технологияларды дамыту жоспарланып отыр. Бұл ретте қызметкерлердің қауіпсіздігі басты орында қалады.

Ал 1,5 млн тонна мыс жай ғана өндіріс статистикасы емес. Бұл карьерден кен қазатын техникадан бастап, фабрикадағы күрделі жабдықтарды басқаратын мамандарға дейінгі үлкен команданың жылдар бойғы еңбегінің нәтижесі.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 09:00