Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Иранның Кувейт пен Бахрейнге жеті зымыран ұшырғанын мәлімдеді

зымыран
Фото: Iranian Army Office/Global Look Press

АҚШ әскери күштері Иран Бахрейн мен Кувейт бағытына жеті баллистикалық зымыран ұшырғанын мәлімдеді. Алайда олардың алтауы әуе қорғанысы жүйелерімен жойылып, біреуі нысанаға жетпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұған дейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Ормуз бұғазында Иранның төрт камикадзе-дронын атып түсіргенін хабарлаған еді. Олар сол кезде бұл дрондардың "аймақтағы кеме қатынасына тікелей қауіп төндіргенін" айтты. Осыдан кейін АҚШ әскері болашақтағы шабуылдардың алдын алу мақсатында Иранның Горук ауданындағы және Кешм аралындағы жағалаудағы бақылау радарларына соққы жасаған.

Америкалық әскери күштердің мәліметінше, бұған жауап ретінде Иран зымыран шабуылын ұйымдастырған.

“Алдын ала бағалау бойынша, Иран ұшырған алты зымыранның жолы кесілді, ал жетіншісі нысанаға жеткен жоқ”, – деп мәлімдеді CENTCOM.

Өз кезегінде Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) 6 маусымға қараған түні төрт мұнай танкері Тегеранның келісімінсіз Ормуз бұғазы арқылы өтпек болғанын хабарлады.

КСИР мәліметінше, танкерлердің біріне соққы жасалып, ол тоқтатылған. Қалған үшеуі кері қайтқан.

Сонымен қатар корпустың мәліметінше, кейін америкалық күштер радарларға шабуыл жасаған. Ал  Ислам революциясы сақшылары корпусы жауап ретінде Кувейттегі АҚШ әскери базасына және Бахрейндегі АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флотының базасына баллистикалық зымырандармен соққы берген.

Алайда АҚШ әскері бұл ақпаратты жоққа шығарды.

“Америкалық әскери қызметкерлер арасында зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Сонымен қатар Иранның АҚШ Бесінші флоты штабына зақым келтірілді деген мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейді”, – делінген хабарламада.

AFP агенттігінің Бахрейн астанасындағы тілшісі жарылыстардың дауысы мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жұмысын естігенін хабарлады. Сонымен қатар агенттік Кувейт халықаралық әуежайы маңында да жарылыстар болғанын жазды.

Оған дейін Кувейт Қарулы күштері зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар арқылы жасалған жау шабуылдарына тойтарыс беріп жатқанын мәлімдеген еді.

Кувейт әуежайына жасалған шабуыл

Осы аптада Иран мен АҚШ бірнеше рет өзара соққы алмасты. Екі ел арасында уақытша бітім болғанымен, тараптар Иран аумағындағы және Парсы шығанағындағы нысандарға оқтын-оқтын шабуыл жасап келеді. 3 маусым күні Иран дрондарының Кувейт халықаралық әуежайына жасаған шабуылы салдарынан бір адам қаза тауып, 60-тан астам адам жарақат алды.

Ислам революциясы сақшылары корпусы әуежайға шабуыл жасамағанын айтып, ғимаратқа келген залалды АҚШ-тың әуе қорғанысы жүйелерінің әрекетімен байланыстырды.

Алайда АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы бұл шабуылды алдын ала жоспарланған, қасақана жасалған және ешқандай ақтауы жоқ әрекет  деп бағалады.

Бұған дейін  Ислам революциясы сақшылары корпусы Парсы шығанағындағы америкалық базаларды Иран мұнай танкеріне және Кешм аралына жасалған шабуылдарға жауап ретінде атқылағанын мәлімдеген еді. 

аумақ
Фото: BBC

Келіссөздер тығырыққа тірелді

Бұл шиеленіс салдарынан Вашингтон мен Тегеран арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер тұйыққа тірелді.  Өткен демалыс күндері тараптар соғысты тоқтату туралы келісімге келе алмады. Соның салдарынан бейбіт келіссөздердің болашағы тағы да күмән тудырып отыр.

Бұған дейін америкалық БАҚ АҚШ президенті Дональд Трамп ықтимал бейбіт келісімнің шарттарын қайта қарауды талап еткенін хабарлаған.

CBS News телеарнасының мәліметінше, өзгерістер Ормуз бұғазының мәртебесіне, Иранның жоғары деңгейде байытылған уранын елден шығару мәселесіне және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді қайта бастау тетіктеріне қатысты болған.

Алайда Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Багаи бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзінше, Вашингтон ұстанымын жиі өзгертіп, үнемі жаңа талаптар қойып келеді.

Қазір АҚШ Иранға қарсы теңіз блокадасын жалғастырып отыр. Ал Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін халықаралық кеме қатынасына шектеу қоюын тоқтатқан жоқ.

Айта кетейік, соғысқа дейін әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ тасымалының шамамен 20%-ы Ормуз бұғазы арқылы жүзеге асқан.

Айта кетейік, бұған дейін Иран Парсы шығанағындағы кемелерге және көрші араб елдерінің аумағына дрондары мен баллистикалық зымырандар ұшырғаны туралы жазған едік. Алайда АҚШ оларды атып түсіріп, "өзін-өзі қорғау" мақсатында Иран аумағына соққы жасаған. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 06 Маусым, 2026 09:05