Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Apple жаңа iPhone 13 смартфонының тұсауын кесті

Америкалық Apple ұйымы жаңа өнімдерінің тұсауын кесті. Іс-шарада жаңа iPhone 13, ақылды Apple Watch Series 7 сағаттары таныстырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Apple ұйымы жаңа смартфонның төрт түрін ұсынбақ: iPhone 13 Pro Max (бағасы 1099 доллардан басталады), iPhone 13 Pro (999 доллардан басталады), iPhone 13 (799 доллардан басталады) және әлдеқайда кішірек iPhone 13 Mini (699 доллардан бастап).

Жаңа айфонның сыртқы сұлбасына бірқатар өзгерістер енгізіліпті, енді экран айналасындағы кеңістік біршама азайған. Бұған қоса, смартфонға A15 Bionic чипі орналастырылған. Ұйым өкілдерінің сөзіне сенсек, бұл чип құрылғының тез жұмыс істеуіне септігін тигізбек. 

iPhone 13 Pro екі түрлі өлшемде сатылады: қарапайым және үлкейтілген түрі. Сондай-ақ оған үш объектив орналастырылыпты, атап айтсақ, екі кең бұрышты және портрет камералары. Apple өз кезегінде жаңа смартфон суретті өңдеудің ең озық жүйесіне ие екендігін алға тартады. 

iPhone 13-тің жадының сыйымдылығы бір террабайтқа (pro нұсқаларында) дейін жетпек. Сонымен қатар смартфон 5G байланыс жүйесінде жұмыс істей алады. Өндірушілер телефонның қуаты ұзаққа сақталады деп сендіреді. 

Ал ақылды Apple Watch 7 сағаттары үлкенірек экранға ие болмақ, сонымен қатар құрылғының дизайнына да өзгерістер енгізіліпті. 

Ұйым өкілдері жаңа сағатты қолдану ыңғайлырақ болатынын айтады. Жаңа Apple Watch сағаттарының бағасы 399 доллардан басталмақ. 


Ғаламтордың пайдасы мен зияны қандай?

Роботтардың адамзатқа қандай пайдасы бар?

Талқылау