"Алтынбек Қоразбаев мен үшін конкурс ұйымдастырды": Тоқтар Серіков өнерге келген кезінен сыр шертті
ҚР еңбек сіңірген әртісі Тоқтар Серіков бала кезін есіне алып, сахнаға алып шыққан ұстазы туралы “Жақсы адамдарым” бағдарламасында сыр шертті.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Өнер иесінің айтуынша, халық әртісі Алтынбек Қоразбаевты алғаш көргенде танымаған.
“1989 жылы концертке шықтым. Сахнадан түсіп кетіп бара жатсам, ақ костюм киген бір кісі пианиноның жанында тұр екен. Мені шақырып алды. “Айтқан әнімнің авторын сұрап, аты қалай аталады деді. “Айшаның зары”, Алтынбек Қоразбаевтікі дедім. Оған дейін көкемнің түрін көрмегенмін. Тек даусын ғана естіп жүрмін. Танисың ба ол кісіні деп сұрады, иығымды қиқаң еттім, танымаймын дегендей. “Мен Алтынбек Қоразбаевпын” деді. Көзім шарасынан шығып, шалқамнан түстім. Мені құшақтап, бір жылдан кейін көшіп келемін, сені тауып аламын. Ешқайда кетіп қалма” деді. Бір жылым, 10 жыл сияқты өтті. Күн санап күттім. Күз болды, қыс өтті көкем жоқ. Уәде берген еді, мені іздеп келуі керек деп үміт үзбедім. Бірақ ешкім келген жоқ”, – деп бастады әңгімесін әнші.
-
"Тазабектің таза кезі": Серікзат Дүйсенғазы 32 жыл бұрынғы жастық шағын есіне алды
-
"100-ге жуық қонақты танымадық": Тоқтар мен Бейбіт үйлену тойларының қалай өткенін айтып берді
Алайда көп ұзамай Алтынбек Қоразбаев конкурс жариялап, өзіне шәкірт іздеп жатыр деген хабар желдей ескен.
“Мені алып кетуге келетін көкем сол күйі келмеді. Бір күні “Алтынбек Қоразбаев шәкірт іздеп жатыр екен, мектептен ән айтатын балалар барсын” деген хабарландыру естідім. Қатты қуанып кеттім, мекенжайға барсам, адам қырғын. Амандасып, қолын алдым. Бетіме қараған да жоқ. Өте асығыс екен, тез-тез айтыңдар деді. Содан менің кезегім келіп, “Жалынсың-ау, ғашықтық” деп әнімді бастай бергенім сол еді, көкем орнынан атып тұрды. “Осы ғой менің іздеп жүргенім. Осы баланы таппай жүрмін” деді. Шошып кеттім. Сонда маған бола конкурс ұйымдастырыпты. Менің мектебімді, аты-жөнімді де ұмытып қалыпты. Қазір менің ұстазым емес, әкемдей болды”, – деп жан сырын ақтарды өнер иесі.
Еске салайық, Тоқтар Серіков марқұм ата-анасын айтып, көзіне жас алғанын жазған едік.