Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алтын алқа", "Күміс алқа" наградаларын алған көп балалы аналар қандай жеңілдіктерге ие?

Қазақстанда көп балалы аналар деп төрт және одан да көп баласы бар әйелдерді айтады. Ал алты және жеті бала туғандарға «Күміс алқа», «Алтын алқа» наградалары тағайындалады.  Көп балалы аналарға қарастырылған жеңілдіктер қандай және олар қандай салықтан босатылады? Stan.kz тілшісі анықтады.

Көп балалы ана мәртебесі  «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградалары арқылы анықталады.

«Алтын алқа» - жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеп отырған аналарға берілсе, ал «Күміс алқа» - алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алады. Көп балалы аналарға арналған жәрдемақы Халыққа қызмет көрсету орталығынан беріледі. 

Әлеуметтік сала жүйесіндегі ана мен баланы қолдау, әрі қорғау аса маңызды міндет және өмірдің әр кезеңінде жүзеге асырылады.   

Республикалық бюджеттен бала туған барлық отбасыларға бала туғанда берілетін жәрдемақы төртінші және одан көп бала туғанда 63 АЕК (Айлық есептік көрсеткіш) немесе 183 771 теңгені құрайды және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі отбасындағы бала санына байланысты өзгереді. Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бірінші балаға– 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге, екінші балаға 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге, үшінші балаға 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге, төртінші және одан көп балаға 8,90 АЕК немесе 25 962 теңге бойынша жәрдемақы төленеді. 

Сонымен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілік және босану, жаңа туған баланы асырап алу және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айрылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемдер тағайындалады. 

Көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы отбасы табысына қарамастан, бала санына байланысты тағайындалған:

  • 4 балалы отбасы үшін 16,03 АЕК – 46 760 теңге
  • 5 балалы отбасы үшін 20,04 АЕК – 58 457 теңге
  • 6 балалы отбасы үшін 24,05 АЕК – 70 154 теңге
  • 7 балалы отбасы үшін 28,06 АЕК – 81 852 теңге
  • 8 одан да көп балалы отбасы үшін –4 АЕК-тен әр бала үшін тағайындалады.

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әрбір көп балалы анаға ай сайын 18 669 теңге немесе 6,4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақы өмір бойы, яғни зейнетке шыққаннан кейін де тоқтамайды және оның табысына қарамастан тағайындалады.

"Осы ретте, балалы отбасыларды қолдау мақсатында төленетін барлық мемлекеттік жәрдемақылар 2020 жылы - 10%, 2021 жылдың басынан бастап 5% мөлшерінде көтерілгенін атап өтеміз", - деп хабарлады ҚР Еңбек жә не халықты қолдау министрілігі баспасөз қызметінде.

"Алтын алқа", "Күміс алқалы" көп балалы аналар қандай төлемдерден босатылады?

  • қоғамдық көлік салығы;
  • жер салығы мен жеке тұлғалардың мүлік салығы (1000 еселенген АЕК мөлшері шегінде);
  • тұрғын үй қоры, оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша салық;
  • нотариалдық және заңды әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баж салығы (жеке куәлік, төлқұжат жасау);
  • зияткерлiк меншiк саласындағы мемлекеттік органның заңдық мәні бар әрекеттер жасағаны үшiн төленетін мемлекеттiк баж салығы;

Тұрғын үй алудағы жеңілдіктер

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңымен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша көп балалы отбасылар және көп балалы аналар қарастырылған.

Наградталған көп балалы аналардың және көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды бірінші кезекте алу құқығы бар.    



Зейнетке шығудағы жеңілдіктер

Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" ҚР заңының 11-бабының 3-тармағына сәйкес, 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

 

Еңбек өтілін есептеу бойынша жеңілдіктер

Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін жұмыс iстемейтiн аналардың еңбек өтіліне:

  • балаларды қараған уақыты: әр бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт;
  • өзге адам көмегіне мұқтаж бiрiншi топтағы мүгедекке қараған;
  • екiншi топтағы жалғызбасты мүгедекке және зейнеткерге қараған;
  • сексен жасқа толған қартқа күтiм жасаған уақыт;
  • 16 жасқа дейінгі мүгедек баланы бағып-күткен уақыты есептеледі.

Қандай жағдайларда көп балалы отбасыларға жәрдемақы төлеу тоқтатылады:

  • Жәрдемақы алушы Қазақстаннан тыс жерге көшкен жағдайда (тұрақты түрде тұруға);
  • Жәрдемақы алушы бас бостандығынан айыру орындарында болса;
  • Баласы қайтыс болған жағдайда;
  • Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын болса (Егер осы мекемеде ақылы негізде қызмет алса төленеді).

2021 жылы төлемдердің мөлшері балалар санына байланысты былай өзгерді:

4 бала үшін – 46 760 мың теңге 

7 бала үшін – 81852 мың теңге 

8 бала үшін  – 93344 теңге

9 бала үшін – 105 012 теңге

10 бала үшін – 116 680 теңге

11 бала үшін – 128 348 теңге

12 бала үшін  – 140 016 теңге

13 бала үшін – 151 684 теңге

14 бала үшін – 163 352 теңге

15 бала үшін – 175 020 теңге,

16 бала үшін –186 688 теңге.

Жыл басынан бері көп балалы аналар 45,6 млрд теңге болатын жәрдемақы алған. 

2021 жылғы қаңтардан ақпанға дейін көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлемдерінің жалпы сомасы 45 млрд теңге болды. Бұл орта есеппен 433 мың отбасы қамтылды деген сөз. Ал 2021 жылғы ақпанда жәрдемақыны 440 мыңға жуық отбасы алды, бұл жалпы сомасы 23 млрд теңгені құрады.

 

 

Талқылау