Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық 77 жастағы қария күнде тауға жаяу шығып, ағылшын тілін үйренуде

77 жастағы алматылық қария Николай Решетов әр таң сайын тауға жаяу шығып, қосымша тіл үйренуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бір қызығы, қария жас кезінде мүлдем спортпен айналыспаған. Туризмнің бұл түріне жақында қызыға бастапты. Николай 70 жасынан бастап Медеу мен Терренкурде 10 шақырым жерді жаяу өткереді.
Өзі өмір бойы телеарнада дыбыс режиссері болып қызмет атқарған. Айтуынша, көбінесе бір орында отырып жұмыс істеген, спортпен айналысуға уақыт та, мүмкіндік те болмаған. Зейнетке шыға салысымен, өткен жылдардың есесін қайтаруда. 

"Өте қызықты, көп салмақ түседі. Жасым біразға келіп қалды, баяғыда зейнетке шыққанмын. Бірақ өзіңді жеңсең, физикалық күшке ие боласың", – дейді қарияның өзі.



Шамамен он жылдай бұрын Николай аяғын сындырып алған. Дәрігерлер күн сайын жаяу жүруге кеңес беріпті. Алғашқыда Медеуге дейін ентіге көтеріліп, автобуспен қайтып жүрген. Күндердің күнінде тауды қызықтап жүріп, көлігін өткізіп алыпты. Үйге жаяу қайтуға тура келіпті. Содан бері 10 шақырым жерді оңай жүріп өтеді.

Николай өзі де байқамастан, айналасына мотивация беріп жүр. Қызы мен немересі онымен серуенге шығуға жиі сұранады екен. Зейнеткер енді "қалаған ісіңді жасау үшін ешқашан кеш емес" деген ұстанымда.
Айтпақшы, егде жасына қарамастан, Николай бүгінде репетитордың көмегімен ағылшын тілін үйренуде. 
 

Талқылау