Алматыда қазақстандықтарды Украинадағы соғысқа шақыратын жарнамалар тарады: Полиция тергеу бастады
Алматыда Розыбакиев көшесінде орналасқан “Mega” сауда орталығында жастарды соғысқа шақыратын жарнамалар пайда болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: әлеуметтік желіден
Алматыдағы сауда орталығында Легион “Свобода России” ұйымының плакаты пайда болып, онда сарбаздарды жинау басталғаны айтылған.
“Үйіңе жеңімпаз болып орал. Легион “Свобода России” рекруттардың жаңа жиынын ашады”, – делінген жарнамада.
Полиция мән-жайды анықтап жатқанын мәлімдеді.
"Бұл факті бойынша тергеу жүріп жатыр. Мән-жай анықталады", – деді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
“Свобода России” – Украина жағында соғысатын ресейліктердің тәуелсіз әскери бөлімі. Ұйымды Киев қаржыландырады деген ақпарат бар
Елімізде шетелдегі соғыстарға қатысқандар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 172-бабы “Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу” бойынша бұл үшін 5 жылдан 9 жылға дейін жаза көзделген.