Соңғы екі аптадағы 7-суицид: Алматыда университет студентінің мәйіті табылды
Алматыда студент өз-өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Almaty Management University баспасөз қызметі студенттің өлімі туралы ақпаратты растады. Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
"Университет құқық қорғау органдарына оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты көмек көрсетеді. Almaty Management University әкімшілігі марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады және оның отбасына қажет қолдау көрсетеді", – деп жазды университеттің баспасөз қызметі.
Университет расталмаған ақпаратты таратпауды сұрады.
Алматы полициясы өлім туралы ақпаратты растады.
"Осы факті бойынша Бостандық аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады", – делінген хабарламада.
Соңғы екі аптада студенттер мен оқушылар жаппай өз-өзіне қол жұмсады. 12 қыркүйекте Алматы әскери институтында құрлық әскерлері әскери институты сержантының денесі табылғаны белгілі болды.
16 қыркүйекте Алматыда екі оқушы қыз тоғызыншы қабаттан құлап мерт болды. Кейін оқушы қыздардың жақындары оларды бұған не итермелегенін айтқан еді. Сонымен қатар олар мектептерде телефонға тыйым салуды ұсынды.
21 қыркүйекте 12 жасар мектеп оқушысы 13-қабаттан секіріп кетті. 22 қыркүйекте көпқабатты үйдің ауласынан ҰҚК шекара академиясының үшінші курс курсантының денесі табылды. 23 қыркүйекте 18 жастағы жігіт терезеден секіріп кеткен еді.