Алматыда өртке оранған үйдің тұрғындары жалға берілетін пәтер таба алмай әлек
Алматыда өртенген көпқабатты тұрғынүйдің тұрғындары мектеп пен қонақүйлерді паналаудан бас тартып отыр. Себебі қонақүй мен жалдамалы пәтердің бағасы қалтаны қағады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Баспанасыз қалған тұрғындар жергілікті биліктің берген қаражаты пәтер жалдап, қонақүй паналауға жетпейтінін айтып, наразылық білдірді. ”Біз мынандай проблемамен кездесіп тұрмыз. Олар: "Пәтер табыңдар, ресми жалға берілетін" дейді. Бүгін талап қойдық, ондай болмаса деп. Себебі, өздеріңіз білетіндей, ресми түрде жалға беретіндер аз. Мектепте сабақ басталайын деп жатыр. Бәрі оны біліп тұр. Содан кейін бағаны да қымбат жоғары сұрап отыр. Екі-үш айға ешкім бергісі келмейді. Сол жағы бізге проблема”, дейді тұрғындардың бірі Мирас. Шақшадай басы шарадай болған тұрғындар енді ресми жалға берілетін пәтер таба алмай әлек. Өртке оранған 16 қабатты үйде 96 отбасы тұрған. Жартысынан көбі мемлекеттік бағдарламамен жалға алынған баспана. Бүгін оқиға орнына келген аудан әкімі жаңа ұсыныс жасады. Айтуынша, пәтерді әр отбасы өзі табуға тиіс. Тек бір бөлмелі баспана – 200 мың, екі бөлмелі – 300 мың, үш бөлмелі пәтер – 400 мың теңгеден аспауы қажет. Және бәрі ресми болуы міндеттелген. Яғни әр тұрғын өзі жалдап тұратын үй иесімен жасасқан келісім құжаты мен баспананың мекенжайын көрсетуі керек. Көмек екі айға қарастырылған. Өйткені өрт шыққан үйдегі қайта қалпына келтіру жұмысын сол аралықта аяқтайды. Бірінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін электр желісі түгел ауыстырылып, пәтерлер тазартылады. Тұрғындар өз үйіне қыркүйектің соңына қарай орала алады. Оған дейін дүние-мүліктің сақтығы да бақылауда болады деп отыр аудан әкімі.
“Депозит ол әркімнің өзінің мүлікке деген жауапкершілігі. Сондықтан депозитті өзі төлеуге міндетті. Өйткені мемлекет депозитті төлей алмайды. Бұл бірінші сұрақ. Екінші сұрақ, алаңдатып тұрған, басқа ықшамауданға кетіп жатсақ, мектепті, балалардың мектепке орналасуы, балалардың балабақшаға орналасуы деген сұрақ туындап жатыр. Ол сұрақтарға біз әкімшілік ретінде көмек береміз”, – дейді Алатау ауданының әкімі.
Талқылау