Алматыда ыстық судың өшкеніне наразы болған тұрғындар тас жолды жауып тастады
Алматы қаласының Алатау ауданындағы Солтүстік айналма жолдағы O-Jet тұрғын үй кешенінің тұрғындары сәрсенбі күні кешке тас жолды жауып тастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Qumash Telegram-арнасының мәлімдеуінше, көлік қозғалысын тоқтату үшін адамдар супермаркет маңындағы қоршауларды пайдаланған. Қала тұрғындары ыстық судың өшірілуіне наразы болғандықтан осындай қадамға барған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келді. Көп ұзамай О-Jet тұрғындарының крандарында ыстық су қайта қосылды.
Алматыда жазғы кезеңде су құбырында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ыстық суды бірнеше күнге мезгіл-мезгіл сөндіреді.
Бұған дейін Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы Ахметов – Закарпатская – Қалмаржын – Огарев көшелерінің контурындағы үйлер "Аэропорт" қазандығындағы жөндеу жұмыстарына байланысты 14 маусымнан 12 шілдеге дейін бір айға ыстық сусыз қалады деп хабарланған болатын. Тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрады.