Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Glovo курьерлері жұмысқа шығудан бас тартып, наразылық шарасын ұйымдастырды

Алматыда Glovo компаниясының курьерлері бас көтерді. Тамақ тасушылары басшыларының қылығына наразы екендерін айтады. Күні бойыс істеген еңбегіне тым төмен ақы төленіп жатқанына шағымданған қызметкерлер жұмысқа шығудан түгел бас тартып, компанияның бас кеңсесінің алдына жиналды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

"Қазір көп жұмыс істейсің, бірақ аз табасың. Күн 40 градус ыстық. Біз төрт мезгіл жұмыс істейміз. Тек жаңбыр жауғанда ғана арасында бонус қосуы мүмкін. Қалған жағдайда бонус жоқ", – дейді курьер Қуаныш Әбдіхалықов.

Курьерлердің көбі – 20-25 жастағы жігіттер. Сөздерінше, өздері қызмет жасайтын Glovo ұйымының басшылығы барған сайын еңбекақыларын азайтуда екен. Бұған қоса, жұмыстарын қиындатып жіберіпті.

Курьерлердің арқасында табыс тауып отырған мекеме тапсырыстың үстіне тағы тапсырыс қосып беріп, ақыр соңында үлгермеген жігіттер опық жеп қалып жатыр. Өйткені карантинге байланысты сауда үйлерінде, мейрамханаларда кіріп-шығу тәртібі күшейтіліп, кезек көбейген екен. Бірақ компанияның оны ескерусіз қалдырып жатқанын айтты. Күту уақытын небәрі екі минут етіп, кешіккен курьердің тапсырысын тартып алып қана қоймай, ақшасын қысқартып жатқан көрінеді. Қыспаққа алуды қойып, төлемақыны көбейтуді талап еткен жігіттер жұмысқа шығудан бас тартты. Алайда олардың орнына басқа жұмысшы табатынына сенімді болса керек, компания басшылығы курьерлердің талабын орындаудан бас тартты. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда Wolt жеткізу қызметінің курьерлері наразылыққа шыққан болатын.


Алматылық тамақ жеткізуші бір айда 729 000 теңге тапқан. Chocofood, Glovo, Wolt курьерлерінің табысы қанша?

Талқылау