Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жетім балалардың шотынан 68 миллион теңге ұрланды: Іс сотқа жолданды

Алматы облысындағы балалар үйлерінің бірінің есепшотынан ақша жымқыру ісі сотқа жіберілді. Бұл туралы Қазақстандағы балалар омбудсмені Аружан Саин Facebook-те мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Таяуда Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Бағанашылдағы Алматы облыстық №1 балалар үйінің қызметкерлері мен лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

"Тергеушілер әлеуметтік педагогтардың бірі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне асыраушысынан айырылу және мүгедектігі бойынша жәрдемақы ретінде түскен ақшаны жымқырғанын анықтады. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне аса ірі көлемде – жалпы сомасы 68,5 миллион теңге (шамамен 163 мың доллар) материалдық шығын келтірілген", - деп жазды Аружан Саин.

Ол әлеуметтік тәрбиешіге және балалар үйінің директорына қатысты қылмыстық істер қозғалғанын айтты. Қызметкердің ісі "аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ұрлау" бабы, ал басшыға қатысты іс "салғырттық" бабы бойынша тергелген.



Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ балалар үйіне тексеру жүргізген қаржы министрлігі мен Алматы облысы білім басқармасы қызметкерлерінің салғырттығы фактісі бойынша материалдар берді.

"Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жұмысы үшін алғыс айтамын және балалар құқығын өрескел бұзған адамдар жазасын алады деп үміттенемін. Ең бастысы, балаларға келтірілген залал тезірек және толық көлемде өтеледі. Сот пен прокуратура бұған ерекше назар аударады деп үміттенемін", - деп жазды Саин.

Айта кетейік, балалар үйіндегі былықты жетім балалар өздері 2020 жылғы 9 тамызда анықтаған. Олар қосымша арқылы банктегі есепшоттарынан ақша ұрланғанын байқаған. Бұл туралы балалар үйінің басшысына айтқан. Балалар Аружан Саиннен де көмек сұрады.

Ұрланған ақша - жетім балаларға төленетін жәрдемақы мен алимент.

Сол жылдың тамыз айында Тараз қаласында полиция балалар үйінде әлеуметтік педагог болып жұмыс істейтін 30 жастағы әйелді ұстады. Ол Алматы облыстық балалар үйі тәрбиеленушілерінің қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

Алматы облыстық №1 балалар үйінің директоры Гүлмира Қондыбаева әлеуметтік педагогтың мекеме басшысының атынан сенімхаты болғанын, оның шот ашуға, оларды қарауға, бірақ ақша қаражатын алмауға құқығы бар екенін айтты.

Талқылау