Алматы әкімдігі Наталия Сац атындағы театрды қайта қалпына келтіруге 22 миллиард теңге бөлмек
23 қаңтарда Алматыда Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған театрды қалпына келтіруге байланысты қоғамдық тыңдаулар басталды. Қала тұрғындары 30 қаңтарға дейін жөндеу жұмыстарының қоршаған ортаға әсерін талқылап, өз бағасын беруі керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Время
Қала билігі 13 қаңтардан бері қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін мердігерлерді іздеп жатыр. Қайта құрудың қоршаған ортаға әсері туралы қоғамдық кеңестер 2025 жылдың 30 қаңтарында аяқталады. Тыңдауда экологтар мен қала тұрғындары театр ғимаратын жаңарту мен қайта салудың салдарын бағалай алады.
Мәселен, жобаны жүзеге асыру үшін 40-қа жуық ағашты кесу қажет болады. Жұрт осы және басқа да мәліметтерді талқылауға және жобаға өз түзетулерін ұсынуға құқылы.
2025 жылдың 13 қаңтарында Алматы қалалық құрылыс басқармасы мемлекеттік сатып алулар сайтында театр ғимаратын кеңейтумен қайта құру туралы ақпарат жариялады.
"Лот сомасы 21,7 миллиард теңге. Құрылыстың жалпы уақыты: 16 ай. Жөндеу жұмысын жүргізуге ниет білдірген компаниялардың өтініштерін қабылдау мерзімі 2025 жылдың 29 қаңтарына дейін", – делінген хабарламдаа.
Қазақстандық эколог, Орхус орталығының төрайымы Светлана Могилюк хабарландыру порталда жарияланған жағдайда тыңдаулар міндетті түрде өтетінін айтады.
"Сатып алу бағалау нәтижелеріне негізделген қорытындысыз жасалмауы керек. Сол хаттаманы ескере отырып, тыңдаудан кейін ғана рұқсат беріледі", – деді Могилюк.
Театрдың сайтында 2024 жылдың 20 мамырында ғимараттың камералық сахнасын қайта жаңғырту мен салудың нақты жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткені туралы хабарланған. Тыңдауда "Инжиниринг Центр" ЖШС бас дизайнері Қанат Нұрымов тарихи театр ғимаратын қайта құру жобасын көрсеткен. Жобаны жұрт қолдаған. Жөндеу тірек құрылымдарын нығайтуды, ішкі кеңістіктерді жаңартуды, инженерлік жүйелерді ауыстыруды және жаңа кезеңге кеңейтуді салуды қамтиды.
Алматыдағы Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған театрды қалпына келтіру туралы билік бірнеше жылдан бері айтып келеді. 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған ғимарат жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші саналады.
Осы орайда Stan.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігіне, театрды қалпына келтіруге бөлінген 21 миллиард теңгеге қандай жұмыс атқарылады, жалпы сома қалай игеріледі, неге көп бөлінген, деген сауалдармен жүгінді. Алайда әкімдік бір аптадан аса уақыт өтсе де бір жауабын бермей отыр.