Александр Пак 10 жылын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өткізеді: Ондағы тәртіп қандай

Алматыдағы резонансты жол апаты бойынша сотталған Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ол жазасын қатаң режимдегі колонияда емес, ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, бұл Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесіндегі ең жеңіл режим. Соған қарамастан, ол бас бостандығынан айыру жазасы болып саналады және сотталған адамға белгілі бір шектеулер қойылады.
Заңгердің сөзінше, мұндай мекемелер колония-қоныстарға ұқсайды және орташа, жоғары немесе төтенше қауіпсіздік мекемелеріне қарағанда жеңілдеу жағдайлар қарастырылған. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамға қайта бейімдеу.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) мәліметінше, ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінде сотталғандар қарулы күзетсіз ұсталады. Дегенмен олар әкімшілік бақылауында болады.
Мұндай мекемеге кімдер жіберіледі?
Адвокаттың айтуынша, ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне екі жағдайда орналастырады:
- сот үкімімен алғаш рет қылмыс жасаған және көбіне абайсызда құқық бұзушылыққа барған адамдар;
- тәртібі жақсы болып, түзелу жолына түскен сотталғандар басқа колониялардан көтермелеу ретінде ауыстырылуы мүмкін.
Не істеуге болмайды?
Мекеме аумағында мына заттарды ұстауға тыйым салынады:
- ұялы телефондар және байланыс құралдары;
- аудио, фото және видео түсіру функциясы бар техника;
- атыс және суық қарулар;
- жарылғыш заттар;
- есірткі және психотроптық заттар;
- әскери үлгідегі киім;
- алкоголь өнімдері;
- дәрігер рұқсатынсыз құрамында есірткі компоненттері бар дәрілер.
Қалыпты жағдайда отырғандар жатақханада немесе камерада тұрады. Оларға:
- белгіленген уақытта мекеме аумағында еркін жүруге;
- жұмыс, оқу немесе тұрмыстық қажеттіліктер үшін айына төрт рет әкімшілік рұқсатымен мекемеден тыс шығуға;
- азаматтық киім киюге;
- ақша мен бағалы заттарды сақтауға;
- қаржыны шектеусіз пайдалануға;
- айына бір қысқа және бір ұзақ мерзімді кездесу өткізуге рұқсат беріледі.
Жеңілдетілген жағдай
Осы санаттағы сотталғандар қосымша жеңілдіктерге ие болады:
- апта сайын бір қысқа және бір ұзақ мерзімді кездесу;
- мекеме орналасқан елді мекен аумағында отбасымен бірге жалдамалы немесе жеке тұрғын үйде тұру мүмкіндігі.
Алайда олар айына төрт рет тіркелуге келіп тұруы және кешкі сағат 21:00-ден таңғы 07:00-ге дейін тұрғылықты мекенжайында болуы тиіс. Әкімшілік олардың үйіне кез келген уақытта тексеру жүргізе алады.
Мұнда:
- мекеме аумағында жүру үшін әкімшілік рұқсаты қажет;
- мекемеден тыс шығуға айына бір рет қана рұқсат беріледі;
- туыстарымен бір қысқа мерзімді кездесу тоқсанына бір рет, ал ұзақ мерзімді кездесу жарты жылда бір рет өткізіледі.
ҚАЖК мәліметінше, сотталғандар мекеме ішіндегі немесе облыс аумағындағы басқа ұйымдарда жұмыс істей алады. Сондай-ақ жоғары және орта білімнен кейінгі оқу орындарында қашықтан немесе сырттай білім алуға рұқсат етіледі.
Заңгер Абзал Қасымжанов еңбек ету мен білім алу сотталған адамның болашақ тағдырына әсер ететінін атап өтті. Бұл факторлар шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаны жеңілдету мәселесін қарағанда ескеріледі. Қазір Александр Пактың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 22 маусымда Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі (Мас күйде жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу) бойынша 33 жастағы Александр Пақты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған еді. Сот марқұм Томирис Қыдырбектің әкесінің талабын ішінара қанағаттандырып, Александр Пактан 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Сот бұған дейін төленген моральдық өтемақы көлемін де ескерген. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған 25 тәулік ішінде шағым түсіре алады.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады
Оқыңыз