Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде дәрігерлер оқушыларға екпені шатастырып салып жіберген: Ақ халаттының қателігіне байланысты тексеру басталды

Ақтөбеде бір мектептің 42 оқушысына манту сынамасының орнына БЦЖ салып жіберген медицина қызметкерлерінің қателігіне қатысты комиссия құрылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ақтөбе қаласы Рауан елді мекеніндегі №74 мектептің оқушыларына мантудың орнына салынған БЦЖ-ға қатысты дәрігерлер түсініктеме берді. Айтуларынша, алғашында мектепте 61 оқушы манту сынамасын алу керек болған. Бірақ 11 баланың ата-анасы қарсы болып, 8-іне манту жасату уақытын кейінге шегеруді сұраған. Соңында манту сынамасының орнына БЦЖ вакцинасын алған оқушылардың білегі іріңдеп кетті. 

"Оқиға 13-қыркүйек күні болған. Осы аумаққа қызмет көрсететін "Медикус" медициналық орталығы мектепке барып, ата-аналар келісімімен манту беруі тиіс еді. Бірақ манту ортына БЦЖ салды. Былай қарағанда бірі сұйықтық, екіншісі ұнтақ. Қателік мейірбикеден кетіп тұр. Қателік болды. Комиссия жұмыс істеп жатыр. Ата-аналарына түсіндірдік. Ешқандай қауіп жоқ. Іріңдеу реакция бергені. Бір айда жазылады", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Осы жағдайдан кейін өңірде екі бірдей комиссия құрылғаны айтылды.  Біріншісі, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, инфекционист, иммунолог, аллерголог мамандармен денсаулық сақтау басқармасында құрылды. 
Екіншісі облыстық білім басқармасының шағымы негізінде құрылған. Мұны медициналық сапаны бақылаушылар тексереді.

"Қазіргі кезде "Мадикус" орталығына тексеру басталды. Барлық материал құқық қорғау органдарына жіберіледі. Айта кетерлігі, мораторияге байланысты соңғы кездері бұл медициналық мекеме тексерілмеді", –  деді Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.  

Ал облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша, жағдай еліміздің ғылыми зерттеу орталығына хабарланды. Ғылыми зерттеу институтынан бас фтизиатор келіп, тәуелсіз тексеру жүргізеді.

"БЦЖ кейбір аллергия тудыруы мүмкін. Басқа кері зияны жоқ. Ауру қоздырмайды", –  деді Ерлан Татимов. 

Облыстың бас дәрігері брифингке жеке емхана өкілдерінің қатыспауын оқиғадан кейін басшысының ауырып қалуымен түсіндірді. Ал медбике құқық қорғау қызметкерлеріне жауап беріп жатқаны айтылды.

Дайындаған: Ардақ Ерубаева

Талқылау