Ақтөбеде аурухананың 13 қызметкері туберкулезге шалдыққан медбикемен байланыста болғаны үшін қауіп тобына енді
Ақтөбеде балалар ауруханасының 13 қызметкері тутуберкулезбен ауырған медбикемен байланыста болғаны үшін қауіп тобына тап болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
21 жастағы медбикеге ашық туберкулез диагнозы қойылды. Науқаспен қызметкерлерден бөлек облыстың түкпір-түкпірінен келген 769 бала байланыста болған. Олар 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін облыстық балалар клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдаған.
Медициналық мекеменің бас дәрігері оқиға орнында облыстық және қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменттерінен комиссия жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медбикеге науқастар ауру жұқтырған болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Себебі ауруханаға қаншама екпе алмаған науқастар түседі. Медицина қызметкері қазір туберкулезге қарсы диспансерде ем қабылдап жатыр. Ол жерде кем дегенде 12 күн болады. Байланысқа түскен балалар тұрғылықты жері бойынша тексеріледі.
Медициналық мекемедегі 55 қызметкердің 13-і дәрігерлердің жіті назарында. Олар да жұқтырған болуы мүмкін.
“Олар ауырып жатқан жоқ. Бұл жай ғана реакция, қандай да бір қоздырғышы бар, туберкулез, яғни белгілі бір инфекция түрі бар. Бірақ бұл клиникалық жағдай емес. Оны емдеуге болады және қызметкерлер қазір жұмыс істеп жатыр. Оларда туберкулез жоқ. Мұны кең таралған инфекция деп атауға болады”, – деді облыстық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Қожин.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде балалар ауруханасында туберкулездің ашық формасына шалдыққан медбике жұмыс істегені туралы жазған едік.