Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда Ұлттық ұлан сарбазы өртеніп жатқан балабақшадан бүлдіршіндерді аман алып қалды

Ақтауда Ұлттық ұланның әскери қызметкері балабақшадағы өртті сөндіруге көмектесті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ақтауда Ұлттық ұлан "Батыс" РҚК № 6656 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі, кіші сержант Қуаныш Бекжігітов балабақшадағы өртті сөндіруге көмектесті.

Оқиға 16 ақпанда болған. Сол күні таңертең баласымен ауруханаға кетіп бара жатқан ол бір кезде "Айгөлек" балабақшасы жағынан түтіннің шығып жатқанын байқайды. Көмек сұрап айқайлап, алдынан балабақша тәрбиешісі жүгіріп шыққан. Қуаныш Бекжігітов көмекке асықты. Төтенше жағдай орын алған жерге жақындаған ол гардероб бөлмесінің өртеніп жатқанын түсінді.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін тәртіп сақшысы балабақша қызметкерлерімен және балалардың екі ата-анасымен бірлесіп өртті сөндіру шараларын жүргізіп, кейін балаларды дереу қауіпсіз жерге көшірді.

“Менің орнымда барлығы осылай істер еді деп ойлаймын. Біз – әскери адамдармыз. Әскерилердің міндеті – бейбіт тұрғындарды қорғау. Мен баламен ауруханаға бара жатыр едім, бізге бір мұғалім әйел жүгіріп келді, ол шошып кеткен. Не болғанын білген соң көп ойланбастан, өртті сөндіруге асықтым”, – деді кіші сержант Қуаныш Бекжігітов.

Талқылау