Ақшаны құмар ойынға салған: Ақтөбеде 400 млн жымқырған мектеп бухгалтері сотталды
Ақтөбеде 400 млн жымқырған лудоман, мектеп бухгалтері сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына хабарлайды.
Фото видеодан алынды
Ол қазынаның 400 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырғаны үшін жеті жыл түрмеде отырады.
Сот отырысы әдеттегіден ерекше болды. Үкім оқылар сәтте өңірдегі мектептердің бәрін онлайн байланысқа шығарды. Кесілген жазаны білім ошақтарының басшылары мен есепшілері қашықтан отырып қарады. Себебі 29 жастағы Бекзат Тәженов гимназия мұғалімдерінің айлығы мен керек-жарағына бөлінген ақшадан 6-7 жыл бойы жырымдап өзіне алып отырған. Сотта оның адвокаты да мемлекеттік мекемелердегі "Парус" деп аталатын қаржылық есептеу бағдарламасының олқы тұстарын ашық айтты. Сол арқылы бюджеттің ақшасына есепшінің қол сұққанын, тіпті тексеру жүргізген аудиторлар да байқамаған. Ал сотталушы 400 миллионнан аса теңгені ойынға тіккенін мойындады. Оның лудоман екенін әріптестері білмеген.
“Бекзат Тәженов Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Қосымша жаза ретінде қаржылық жауапкершілігі бар жұмысқа он жыл уақытқа алынбасын. Жазасын орташа қауіпсіздіктегі мекемеде өтесін және 2023 жылдың 16 мамырында қамауға алынған күннен бастап жаза өтеу уақыты есептелсін”, – дейді Ақтөбе №2 сотының судьясы Ақмарал Әлиева.
Еске салсақ, Алматы облысында бухгалтерлер мен мұғалімдер 600 миллион теңгені алаяқтық жолмен иемденген.