АҚШ-та YouTube арқылы көлік айдауды үйренген бала үш шақырымды жүріп өткен
Огайо штатында сегіз жасар бала ата-анасы ұйықтап жатқан кезде көлікті ұрлап кеткен. Балақай көлік тізгіндеуді YouTube порталындағы видео сабақтар арқылы үйреніпті.
Бұл туралы Fox8 каналы хабарлайды.
Оқиға 9 сәуір күні болады. Күні бойы жұмыс істеген әкесі ұйқыға ерте жатып қалады. Балаларға қараған анасы да ерте ұйықтап қалған.
Ата-анасының көлігін ұрлаған бала бірден “Макдоналдсқа” тартқан. Ал оның төрт жасар қарындасы жүксалғышта отырыпты. Бала үш шақырым, төрт қиылыс, теміржолды басып өтіп, бірнеше бұрылыстар жасаған. Куәгерлердің айтуынша бала жылдамдықты бақылап, жол ережелеріне де мұқият мән берген.
Куәгерлердің бірі көлік рөлінде отырған бала туралы полицияға хабар берген. Қызығы сол бала еш жерге соқтықпастан жолдың бәрін сауатты түрде жүріп өткен.
Кафенің терезе тұсына көлігімен барған бала чизбургер, фри және наггетске тапсырыс береді. Ол өзі жинаған ақшаны төлейді. Ал қызметкерлер болса мұны әдейі ойластырылған іс деп түсініпті.
Ал полиция келген соң жылаған бала тек чизбургер жегісі келгенін айтыпты. “Бала таңғы, түскі, кешкі асты толық ішкеніне қарамастан, чизбургер жегісі келген”, – дейді офицер Кехлер.
“Бұл сабақ аларлықтай нәрсе. Мұндай технология көмегімен жуырда балалар не қаласа соны орындайтын дәрежеге жетеді. Бұл бала көлік айдауды интернет арқылы үйреніп алған. Ол бес минуттық видеоны көріп, сосын бірден көлік рөліне де отыра салуы мүмкін”, – дейді полицей.
Ағасы мен қарындасы полиция келемін дегенше чизбургерлерін жеп те үлгерген. Ал оларды оқиға орынынан ата-аналары келіп алып кетіпті. Полиция оларға ешқандай ескерту жарияламаған.
Оқи отырыңыз:
82 жастағы Жапония азаматы түнгі клубта диджей болып жұмыс істейді
Ғалымдар: Мектептердегі тегін таңғы ас баланың оқу үлгерімін арттырады
Бойжеткен селфиге түсуге құмарлығының арқасында өз өмірін құтқарып қалды
Неміс қызы үш жыл бойы тырнағын алмай, оны 14,8 см-ге жеткізген (фото)