Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы қамауға алынды

Көкшетау тергеу сотының шешімімен Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Сүлен Ілиясов 1 сәуірден бастап екі ай мерзімге қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Кokshetau.asia басылымына сілтеме жасап. 

Қалалық соттың шешімімен келіспейтін Ілиясов енді Ақмола облыстық сотына шағым түсірмекші.

Бұл істі тергеуді ҚР Бас прокуратурасының тергеу-жедел тобы жүргізуде. Ілиясовты қамауға алу туралы өтініштерінде олар оның жасырынуы немесе бостандықта бола отырып, объективті тергеуге кедергі келтіруі мүмкін екенін көрсетті.

Аймақтың бұрынғы бас дәрігері өзіне сеніп тапсырылған мүлікті қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі көлемде жымқырды деп күдіктелуде. Бұл қылмыс үшін 10 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Расталмаған мәліметтер бойынша, Ильясов мемлекеттік ауруханаларда жетіспейтін оттегі желдеткіштерін жеке медициналық ұйымдарға берді деп күдіктелуде.

Ілиясовтың қызметінен екі ай бұрын кеткені белгілі. Ол бұл қызметке өткен жылдың ақпан айында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың өкімімен тағайындалған.

Сүлен Жеңісұлы Ілиясов 1966 жылы 28 қазанда дүниеге келген. 1990 жылы Қарағанды ​​мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша бітірді. Ол еңбек жолын 1991 жылы Көкшетау қалалық ауруханасында уролог-дәрігер ретінде бастады, деп хабарлады бөлім. Соңғы тоғыз жыл ішінде ол Көкшетау қаласындағы "1-қалалық емхана" ШЖҚ МКК-ны басқарды.

Талқылау