Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкімдіктен ешкім құттықтаған жоқ, жәрдемақы да алмадым: Үшем туған 23 жастағы келіншек көмекке мұқтаж

Түркістан облысы Дербісек ауылының тұрғыны, 23 жастағы Еркінай Есенбаева алты баланың анасы атанды. Ерте тұрмысқа шыққан Еркінай үшем босанудың қиыншылығы жайлы айтты. 

Бұл туралы Sputnik агенттігіне сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еркінайдың шын есімі - Жарқынай. Құжатта Еркінай деп жазылған. Өзі Өзбекстанның қазағы. 

"Мен туғанда әкем куәлік толтыратындарға Жарқынай деп түсіндірген. Өзбектер оны Еркінай деп естіп, құжатқа есімімді солай жазып жіберіпті. Содан Еркінай болып кеттім. Бірақ бәрі өзімді Жарқынай деп атайды", - деді ол. 

"Мен 9-сыныпты бітіріп, Қазақстанға келгенде жолдасыммен таныстым. Ол мені алып қашып кетті. Босаға аттаған соң амал жоқ қалдым. Жолдасым да, қайын жұртым да жақсы кісілер. Ерте тұрмыс құрғаныма өкінбеймін", - деді Жарқынай.

Ерлі-зайыпты екі қыз бір ұл тәрбиелеген. Жақында тағы үшемнің ата-анасы атанды. 

"Үшемді өмірге әкелу оңай болған жоқ. Маған енем көмектеседі. Үй шаруасына көмектеседі. Балаларыма қарайласады. Бір шаңырақта екі келін тұрамыз. Диқаншылықпен айналысамыз. Жолдасым тұрақты жұмыс істемейді. Мен де үйдемін. Жәрдемақы ала алған жоқпын. Оның құжаттарын реттейтін уақытым жоқ. Баладан шыға алмаймын. Осындай жағдайда әкімдік тарапынан көмек болса екен дейсің. Әкімдіктегілер құттықтап келген де жоқ", - деді Жарқынай. 

Жарқынай ерте жастан тұрмыс құрғанына өкінбейді. Жас келінге үй шаруасын да, өмірлік тәжірибені де енесі үйреткен. Қайын жұртымнан еш жамандық көрген жоқпын дейді ол. 

Бұған дейін 23 жастағы келіншектің 6 баланың анасы атанғанын хабарлаған едік. 

Талқылау