Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айбек Дәдебай Президент Әкімшілігі басшысы қызметінен босатылды

Айбек Арқабайұлы Дәдебай
Фото: Ақорда

Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақорданың баспасөз қызметі мәліметінше, Мемлекет басшысының Жарлығымен Айбек Арқабайұлы Дәдебай басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымынан босатылды.

Айта кетейік, Айбек Дәдебай бұл қызметке 2024 жылғы ақпанда тағайындалған еді.

 Айбек Дәдебай 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, 2003 жылы осы оқу орнының магистратурасын тәмамдаған. Мамандығы – аймақтану магистрі.

Әр жылдары Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық туризм менеджменті кафедрасында оқытушы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Сенат төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы болып жұмыс істеген.

Сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ жанындағы Женевадағы тұрақты өкілдігінде атташе, үшінші хатшы, Парламент Сенаты төрағасы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары және меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.

2021 жылғы мамырдан 2022 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары болды. 2022 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы болып тағайындалды.

2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған.

Айбек Дәдебайдың II сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. “Құрмет” орденімен және “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 13:24