Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қатты жылап, түні бойы ұйықтай алмайды": Ақ қан ауруына шалдыққан елордалық Арисланның ата-анасы көмек сұрайды

Нұр-Сұлтанда ақ қан ауруына шалдыққан 4 жасар Арисланның ата-анасы көмек сұрайды. Оған шұғыл түрде сүйек кемігін трансплантациялау отасын жасау қажет, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қазір Арисланға Түркияның Ыстамбұл қаласында шұғыл түрде құны 236 мың АҚШ доллары болатын  сүйек кемігін трансплантациялау отасын жасау қажет. 

Арисланның анасы Жанна Оспанова ауру белгілерінің қалай байқалатынын айтып берді. Ол ұлының қатты қиналатынын жеткізді. 

“Баламда дене гемотомасы мен қатты буын ауруы байқала бастады. Арислан аурудан қатты жылап, түні бойы ұйықтай алмайды. Нұр-Сұлтанда дәрігерлер  ұлыма тізе бөлігіндегі артрит деген диагноз қойып, көптеген уақыт бойы антибиотикпен емдеді. Тек 1,5 ай уақыт өткеннен кейін ғана баламызға сүйек кемігіне әсер ететін жедел лимфобластты лейкемия деген диагноз қойылды”, – дейді Жанна Оспанова. 

Дәрігерлер бұл өте сирек кездесетін ауру екенін айтқан. Бұл әлем бойынша хромосома транслокациясының ұқсас генетикалық бұзылуымен ауыратын балалардың ішінде тек қана 3 пайызында ғана кездесетін көрінеді. 

“Сондықтан Нұр-Сұлтандағы ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының онкология бөлімінің дәрігерлері бізге шетелдік клиникада емделу және сүйек кемігін трансплантациялау қажет екенін хабарлады. Мұндай ота Түркияның Ыстамбұл қаласында жасалатынын біліп, осы жаққа келдік. Арисланға өте ауыр химиотерапияның 4 курсын өтуге тура келді. Баламда мукозит, асқазан-ішек аурулары, тоқ ішек ауруы, аллергия, аплазия, буын ауруы, жүрек айнуы, құсу, шаштың түсуі сынды асқынулар болды”, – дейді Арсиланның анасы.  

Сөзінше, 5 айлық ұзақ мерзімді химиотерапиялық емдеуден кейін тек ішінара жауапқа қол жеткізілді. Осы себепті дәрігерлер қолданыстағы хаттаманы өзгертіп, Арисланды қауіпті топқа ауыстыруға шешім қабылдапты. Ең ақыры бүлдіршіннің 6 айлық қарындасы оған донор болуға жарамды екені анықталыпты. 

“Жақын арада оған 3 блок жоғары дозадағы химиотерапия мен сүйек кемігін трансплантациялау қажет болады. Менің қызым қазір 6 айлық, ол донор ретінде 100% жарамды, бірақ бәрібір өте кішкентай. Енді біз сүйек кемігін трансплантациялауға уақыт алу үшін салмақ қосамыз. Ол салмақ алғанға дейін дәрігерлер химиотерапияны жалғастырамыз деді. Мен қазір қызым үшін де, ұлым үшін де қатты қорқамын”, – дейді Жанна Оспанова. 

Арисланның ата-анасы ұлының емі үшін халықтан көмек сұрайды.

Реквизиттер:

Анасы: ZHANNA OSPANOVA 

ИИН : 881127450731

KASPI:

5169 4931 4884 2696 

номер бойынша 8701 786 89 99

KZ14722С000024093347

Halyk Bank

5354 5100 9312 1993

номер бойынша 8701 786 89 99

KZ546010002009517896

PayPal: [email protected]

Дана Русланқызы
Жұма, 20 Тамыз, 2021 09:57
Талқылау