Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"25 минутта босануды сұрап, ішін басқан": Айнұр Ілиясова Қазақстанда аналарға жағдай жасалмайтынын айтты

Актриса әрі Алматы қаласы әкiмінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссия мүшесі Айнұр Ілиясова Қазақстандағы перзентханаларда бала босанушы әйелдерге жасалатын жағдай мен қызметкерлердің дөрекілігі мәселесін көтерді. Ол естіген жанның денесін түршіктіретін жағдайда босанған оқырманының хатын жариялады. Айтуынша, босану сәті жақындағанда акушерлер қызметтік ауысым болатынын хабарлап, әйелден 25 минутта босанып үлгеруді сұраған. Ол аздай, тезірек босандыру үшін әйелдің ішін басып қинаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Менің балаларым Қазақстанда дүниеге келді. Өйткені мен өз елімді жақсы көремін. Өйткені еліміздегі әрбір ананың баласы – Қазақстанның болашағы. Бірақ медицина бүгінгі күнге салғырт қараса, болашақпен не істейміз?" – деп бастады сөзін Ілиясова.

Ілиясованың оқырманы бала босану хикаясымен бөліскен. Актриса хатты оқығанда шошығанын айтады. 

"Бала босану – өте сырлы сәт. Өмірге жаңа адам келудің құпиясы. Бірақ босану бөлімінде жаңадан сәбиі өмірге келген 5 адам болса, саған кушетка бөлініп, кейін толғағы жеткен әйелге орын босатып беріп, терезе алдында тұруды өтінсе, онымен моралдық және физикалық тұрғыда қалай күресесің?

Дәрігерлер ауысым туралы айтып: "25 минутта туа аласың ба?" – деп сұраса, ана қалайша сабырлы (ал сабыр – дұрыс босанудың айнымас бөлшегі) бола алады?

Гиппократқа ант берген адамдар сәби тезірек дүниеге келуі үшін әйелдің ішінен басады. Ол аздай, жастықсыз, төсенішсіз қалдырады. Көпшілігіне босануды жеделдетін препараттар салады. Және мұндай мысал тек біреу емес", –  дейді Ілиясова.

Актрисаның айтуынша, бұл – білім беру жүйесіндегі үлкен олқылықтың көрінісі. Медқызметкерлер бала босандырудың қаншалықты жауапты іс екенін біле тұра, дөрекілік танытып, немқұрайлықпен қарап, қосымша ақша сұрайды, деп ашынды Айнұр. 



"Бірақ бұл тек дәрігерлерге қатысты емес. Мемлекет Қазақстан демографиясы жайлы сөз қозғағанда тек аналарға ғана емес, медицина қызметкерлеріне де жағдай жасауы керек. Жалақы мен біліктілікті көтеруді талап етуіміз, перзентхана жұмысының дұрыс жүйесін қалыптастыру қажет. Біз, әйелдер, өз құқықтарымызды біліп, босануға дайын болып барып, осындай толқынысты сәтте өз-өзімізге көмектесуге тиіспіз", – деді Айнұр Ілиясова. 

Айта кетейік, Айнұрдың өзі жақында үшінші қызын дүниеге әкелді.

Талқылау