"22 жыл күң секілді пайдаланды": Қарағандылық әйел құлдыққа қалай түскенін айтып берді
Қарағанды облысында 22 жыл бойы құлдықта болған әйел бұл жағдайға қалай тап болғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat-қа сілтеме жасап.
40 жастағы Мадина Аманбаева өмірінің 22 жылы құлдықта өткізгенін айтады. Бұл уақытта ол үш бала босанған. Сөзінше, ол жастайынан жетім қалып, балалар үйінде өскен. 9-сыныпты бітірген ол оқуға түсуді мақсат етіпті. Алайда балалар үйінің тәрбиешісі оны ауылға барып, шаруашылықта көмектесуге көндіреді. 1998 жылы олар фермаға келіп, тұра бастайды.
“Сыныптасым шыдамай қашып кетті, түнде пойызға отырып бас сауғалай жөнелді. Алғашқы жылдары қиын болмады, бірақ кейіннен ерлер істейтін қара жұмысқа жегіп қойды. Адам құрлы көрмейтін болды. Күң секілді пайдаланды: қыста ферманың қарын күреп, су тасып, көң тазлайтынмын, жазда шөп шауып, мал бағып, сиыр сауып, сеператор тартқызатын. Таяқпен ұрған кездері де болды. Денемді ыстық шәйнекпен күйдіретін. Арқамның бәрі тыртық. Бір күні келіп, үстіме ыстық су құйып жіберді. Ауруханаға алып бармады. 17 жаста болғанымда қашып кетуге тырыстым, бірақ олар мені ұстап алды”, – дейді әйел.
- Зорлап, ауыр жұмысқа салған: Қарағанды облысында 22 жыл бойы құлдықта болған әйелге үй берілді
- Көршілері ұрлап, құлдықта ұстаған: Әйел 31 жылдан кейін құлдыққа сатылған ұлымен қауышты
22 жасында ол бала босаныпты.
“Қызымды да ұратын. Оған үйлерін жинатқызатын. Ол байғұс ертегідегі Күлшеқыз секілді жүретін. Маған да көмектесетін. Шашынан сүйреп, қамшымен сабайтын. Адамсың ба, итсің бе демейтін”, – дейді Мадина Аманбаева.
Айтуынша, ол бұл туралы ешкімге айтуға қауқарсыз болған. Үшінші баласын босанғаннан кейін ферма иесінің әйелі Мадинаға айтпай, дәрігерлерге ақша беріп, оны мәжбүрлеп стерилизациялаған. Бұған қоса, балаларына берілген жәрдемақының барлығы иелері өздеріне алып отырған.
Мадина 2020 жылы бір шопанның фермадан қашып кеткенін айтады. Ол ферма иелерінің қатыгездігі жайлы құзырлы органдарға хабарлаған.
“Тексеруге келген адамдарға жылармандай болып жалындым. Оларға күні-түні тынымсыз еңбек етіп шаршағанымды айттым. Сол кезде бостандыққа шықтым. Бірақ балаларымды бермей қойды. Олар ауылдан кеткенше жолымызға бөгеу болуға тырысты”, – дейді Мадина.
Сонымен қатар әйел ферма иесінің бауыры өзінің кәмелет жасына толмаған қызын азғындамақ болғанын жеткізді.
Айта кетсек, қазіргі таңда адамдарды құлдықта ұстағандарға қатысты тергеу жалғасуда. Мадина Аманбаева куәгер ретінде жауап беруде.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды тұрғыны 16 жасынан бастап құлдыққа болғанын айтқан еді.