1,2 миллиард теңге: Қазақстан қалалары биылғы жаңа жылдық безендіруге қанша қаржы жұмсайды
Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан қалаларында Жаңа жыл мерекесі аясында қала көшелерін сәндеуге, шырша құруға қанша қаражат бөлінгенін анықтады. Астана қаласы биылғы безендіру мен іс-шараларға 700 миллион теңге жұмсаса, Түркістан облысы жылдағыдай ешқандай қаражат құртпаймыз дейді. Бұл қатарға Ақтөбе қаласы да қосылып отыр.
Фото: gov.kz
Астана 700 миллион теңге жұмсамақ
Қыс мезгілінде Астана тұрғындары мен қонақтарына арнап қаланың 6 ауданында көп ойын-сауық орындары: мұз айдындары, сырғанақтар, сүйкімді шағын архитектуралық мүсіндер, фотоаймақтар сияқты 60-қа жуық орын ашылып, қыс бойы жұмыс істейді.
Аудандарға әкімдік балансында бар шыршалар орнатылады. Көшелерді жаңа жылдық безендіру үшін былтырғы гирляндалардың, қондырғылардың және өзге де әшекейлердің бір бөлігі пайдаланылады. Қысқы демалысқа арналған бірқатар қоғамдық кеңістік арнайы тақырыптағы шағын архитектуралық нысандармен және жарық қондырғыларымен безендіріледі.
Аудандық әкімдіктерде қысқы безендіру жұмыстарына шамамен 696,7 млн теңге бөлінеді. Оның ішінде:
- Нұра ауданы – 79 млн теңге;
- Сарыарқа ауданы – 110 млн теңге;
- Алматы және Сарайшық ауданы – 165 млн теңге;
- Байқоңыр ауданы – 158,8 млн теңге;
- Есіл ауданы – 183,9 млн теңге;
Мұз айдындарын, слайдтарды, шағын архитектуралық мүсіншелерді, фотоаймақтарды және басқа элементтерді орнату бойынша монтаждау қарашаның ортасынан басталды. Бұл жұмыстар желтоқсанның екінші онкүндігінде кезең-кезеңімен аяқталады.
Инфографика: Stan.kz
Алматы әкімдігі жаңа жылдық безендіруге бөлінетін қаржы әлі нақтыланбағанын айтты
Алматы қаласы әкімдігі жаңа жылдық іс-шаралар жоспары әлі құралып жатқандықтан, нақты соманы атамай отыр.
“Қазір Жаңа жылды мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары жасалып жатыр. Толығырақ ақпарат кейінірек, барлық ұйымдастыру процестері аяқталғаннан кейін беріледі”, – делінген әкімдік жауабында.
Алматы әкімдігі кейін, 17 желтоқсан күні биыл жаңа жылдық шараларға 800 миллион теңге бөлінгенін хабарлады.
“Биыл Алматы қаласының жаңа жылдық безендіруіне шамамен 800 миллион теңге бөлінді. Дегенмен өткен жылғы инсталляцияларды барынша қалпына келтіріп, пайдаланудың арқасында, әрі мәдениет саласындағы мекемелердің белсенді қатысуы нәтижесінде мереке өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды болмақ”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Алып шаһарда 2025 жыл қарсаңында "Алматының 8 кереметі: отбасылық мереке — таңғажайып Жаңа жыл" атты ауқымды бағдарлама әзірленді. Қаланың барлық 8 ауданын қамтитын мерекелік іс-шаралар 20 желтоқсанда басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Шымкент 80 миллион теңге бөлмек
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, әр ауданға 16 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Оған қоса әкімдік бұрын алынған шыршалар мен безендіруге арналған бұйымдарды қайта қолданбақ.
Айта кетейік, Шымкентте 5 әкімшілік аудан бар.
Салыстырсақ, былтыр Шымкентте безендіруге 74 миллион теңге, ал мерекелік іс-шараларға 36 миллион теңге жұмсалған.
Түркістан облысы ешқандай қаржы жұмсамайды
Түркістан облысының әкімдігі бізге берген жауабында бұрын сатып алынған шыршаны қайта құратынын және биыл жаңа жылдық безендіруге қаржы бөлмейтінін хабарлады.
"Қаражат бөлінбейді. Бұрынғы шыршаны жылда қолданамыз. Бізде басты мереке – Наурыз тойланады. Оның үстіне қар да жоқ. Біздің әкімдік жылда безендіруге қаражат жұмсамайды", – деп жауап берді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Батыс Қазақстан облысында 28 миллион теңге бөлінген
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев биыл Жаңа жыл мерекесін өткізуге облыстық бюджеттен 28 миллион теңге бөлінгенін, оның 7-8 миллионы ғана қалаға бөлінгенін айтты.
"Былтырдан бері жаңа шырша сатып алуға тыйым салдым. Маған дейін сатып алынған жасанды шырша бар, біз соны пайдаланамыз және мерекеден кейін оны мұқият жинап қоямыз. Бөлінген ақша барлық мақсатқа, оның ішінде сыйлықтар сатып алуға жұмсалады. Бұл бюджет қаражаты екенін түсініп тұрмыз. Сондықтан оны барынша үнемдеп жұмсауға тырысамыз", – деді Төреғалиев.
Ақтау 76 миллион теңге жұмсамақ
Биыл 17-24 желтоқсанда қала аумағына 2 учаскеге атап айтқанда, 15А шағын аудан "Амфитеатр" алаңына және 19А шағын аудан "Әбіш Кекілбаев" мұражайының алаңына жаңа жылдық шыршалар, безендірулер мен фото аймаққа арналған кіші сәулет формалары орнатылады. Сонымен қатар орталық көшелердегі бұталар мен үлкен шыршалар жарық диодты торлы гирляндамен безендіріледі.
“Биыл жаңа жылдық безендіруге мемлекеттік сатып алу конкурстық іс-шаралары негізінде жеңімпаз болып жеке кәсіпкер "Aktau Print" мердігер мекемесі анықталды. Мемлекеттік сатып алу конкурстық шаралары негізінде келісімшарт сомасы – 76 млн теңге”, – деп хабарлады Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі.
Ақтөбе жаңа жылдық безендіруге қаражат бөлінбегенін айтты
Облыс әкімі жалпы соманы 28 миллион теңге деп айтқанымен, Ақтөбе қаласы ешқандай қаражат бөлінбегенін хабарлады.
Мұнда жаңажылдық безендіру 16 желтоқсаннан кейін, мерекеге жақын басталады. Биыл жаңажылдық безендіру үшін шырша жаңадан сатып алынбаған.
"Бюджет тарапынан бұл мақсатқа қаражат бөлінбеді. Бұрыннан бар жасанды шыршалар қаланың тұрғындар көп жиналатын негізгі 4-5 алаңына орнатылады. Бұрыннан бар жасанды шыршалар, оларды безендіру ойыншықтары қоймада сақтаулы. Жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында алып шығып, орнатып жүрміз. Бұдан бөлек, қаланың кәсіпкерлері өз есебінен өздерінің ғимараттары орналасқан аумақтарда жаңажылдық безендіру жұмыстарын істейді", – деп жауап берді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Атырау безендіруге 66 миллион теңге жұмсамақ
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, биыл биіктігі 18 метр болатын шыршалар орнатуға, қаланың бес орталық алаңы мен көшелерін безендіруге 66,9 миллион теңгелік ашық конкурс жарияланған.
"66 964 285,7 теңгеге ашық конкурс жарияланды. Әзірге жеңімпаз анықталған жоқ. Қаланы безендіруге нақты қанша қаржы бөлінетіні барлық рәсім аяқталған соң белгілі болады", – делінген әкімдік хабарламасында.
Павлодарға 52 миллион, Екібастұзға 38 миллион бөлінеді
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар мен Екібастұз қалаларына жаңа жылдық безендіруге қанша қаржы бөлінгенін айтты. Әкімнің сөзінше, жалпы қалаларға бөлінетін қаражат жылда 50-60 миллион теңге шамасында.
"Екібастұз қаласында жаңа жылдық безендіруге 38 миллион бөлінсе, Павлодарда 52 миллион теңге бөлінді. Мұз қалашығына және көшелерді жарықтандыруға, безендіруге жылда осынша қаражат кетеді. Облысымыз солтүстікте орналасқасын, жаз уақыты өте қысқа. Халықтың көңілін көтеру үшін, жақсы, жайлы жерлерді ұйымдастыру үшін мүмкіндік шектеулі. Сондықтан безендіруге де, абаттандыруға да қаражат бөліп жүрміз", – деді Павлодар облсының әкімі Асайын Байханов.
Қарағанды қаласы жалпы соманы атамады
Ал Қарағанды қаласының Тәуелсіздік алаңына 20 метрлік басты шырша орнатылады. Пришахтинск және Сортировка кенттерінде жаңа 18 метрлік шыршалар орнатылса, Майқұдыққа да шырша қойылады. Қала бойынша шамамен 130 жер үсті элементі, 300-ден астам кронштейн және мерекелік перетяжка орналастырылады.
Бұдан бөлек, биыл Қарағандыға 90 жыл толғанына орай қаланы жыл бойы үнемі безендіру жұмысы істеліп жатыр. Қаланы безендіруге арналған бюджет аудандық әкімдіктер тарапынан қалыптасып, жыл бойына барлық мерекеге, соның ішінде Жаңа жылға да бөлінген.
"Қазыбек Би атындағы аудан безендіру және сәндеу бойынша мердігер ұйыммен үш жылға (2024, 2025, 2026) келісімшарт жасаған. Безендіру барлық мерекелік іс-шараларға жоспарланған. Сондықтан Жаңа жылға арнайы бөлінген қаражатты нақты көрсету мүмкіндігі жоқ", – деп жауап берді Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дегенмен Мемлекеттік сатып алулар сайтында Қарағанды облысының жаңа жылдық шараларына 14,6 миллион теңгеге тендер жарияланған. Бұл сомаға жаңа жылдық кейіпкерлердің гонорары да кіреді.
Қостанай облысы 87 миллион теңге бөледі
Қостанай облысында жаңа жылдық безендіруге 87 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалады деп жоспарланып отыр. Бұл қаражатқа мұз қалашығын салу, кіші сәулет формаларын орнату және оларды 2025 жылы жөндеу кіреді. Жұмыс 1 желтоқсанда басталып, 25 желтоқсанда аяқталады.
Семей әкімдігі 30 миллион теңге бөлген
Семей қаласында мереке аясында жаңа жылдық шыршаны сатып алу, орнату, Орталық алаңды безендіру және жарықтандыру, қала аумағындағы ағаштарды мерекелік жарықтандырумен безендіру, бұқаралық іс-шаралар, Орталық алаң мен М.Әуезов атындағы алаңда жаңа жылдық шыршаны жағу салтанатты рәсімі, театрландырылған қойылымдар, аниматорлардың қатысуымен шоу-бағдарламалар және мерекелік концерттік бағдарлама жоспарланып отыр.
"2019 жылы сатып алынған басты шырша қатты желден айтарлықтай зақымдалған. Осыған байланысты биыл оны ауыстырамыз. Жаңа жылды мерекелеуге байланысты барлық іс-шараға, соның ішінде қаланы безендіруге, жаңа шырша сатып алуға және мерекелік іс-шаралар өткізуге 30 миллион теңге бөлінді. Шыршаға арналған жұлдызша, үлкен көлемдегі түрлі-түсті шарлар, гирляндалар, "Шаңырақ" жарық құрылысын сатып алу жоспарланған. Безендіруге пайдаланылған бұйымдар арнайы қоймада сақталып, келесі жылы қолданылады", – деп жауап берді Семей әкімдігі.
Мерекелік көңіл-күйді қалыптастыру үшін қаланың орталық алаңы, Арбат, Ертіс өзенінің жағалауы, М.Әуезов атындағы алаң сияқты шағын аудандарында мерекелік кіші сәулет формаларын орнату жоспарланып отыр. Бұл фигуралар ішінара 2022-2023 жылдардан бері қолданылып келеді.
Талдықорғанда 36 миллионға жуық қаржы бөлінді
Қала әкімдігінің хабарлауынша, биыл Талдықорғанда жаңа жылдық безендіруге 35 960 341 теңге бөлінді. Оның ішінде:
- Қолданыстағы 3 шырша мен жаңа жеңіл күмбезді орнатып, безендіруге 19 129 230 теңге;
- Жаңа жылдық кіші сәулет формаларына 12 124 000 теңге;
- Былтырғы 30 дана Жаңа жылдық кіші сәулет формаларын қалпына келтіруге 4 707 111 теңге жұмсалады
Жаңа жылдық безендіруге арналған барлық элемент 20 желтоқсанға дейін орнатылып, қосылмақ.
Көкшетау қаласы 51 миллион теңге жұмсайды
Жалпы биыл жаңа жылдық іс-шараларға дайындық жұмыстарына қала бюджетінен 51 миллион теңге немесе ҚҚС-сыз 45,5 миллион теңге бөлінді.
Көкшетау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, мерекенің басты орны Абылай хан алаңындағы мұз қалашығы болмақ. Мұнда әдеттегідей биіктігі 22 метр бас шырша орнатылады. Шенеуніктер бұл жолы жаңа шырша сатып алынады деп отыр.
Көкшетаудың шағын аудандарында бас алаңнан бөлек мұз айдындары да орналасады. Әлеуметтік жауапкершілік аясында қала кәсіпкерлері де мерекеге дайындыққа атсалысып, өздерінің шыршаларын, сырғанақтарды орнатса, кейбірі тіпті облыс орталығының әр жерінде сырғанақ жасамақ.
Петропавл қаласы 13,5 миллион теңге жұмсайды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, Петропавлда жаңажылдық шараларға 13,5 миллион теңге бөлінген. Бірақ аймақтардағы жергілікті билік жаңажылдық көңіл-күйді меценаттардан көбірек күтеді.
"Биыл жақсы өнім алдық. Біз өз меценаттарымызды осындай іс-шараларды өткізуге тартамыз. Олар ауылдарымызды жаңа жылға безендіруге көмектесе алады", – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.