Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Швейцариялық ұшақтың пилоты Алматыға шұғыл қонғаннан кейін ауруханаға жеткізілді

Ұшақ
Фото: skytraxratings.com

Алматы әуежайы Сеул – Цюрих бағытымен ұшып бара жатқан SWISS швейцариялық әуе компаниясының ұшағы не себепті шұғыл қонғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, ұшу кезінде екінші пилоттың денсаулығы күрт нашарлаған. 

“2026 жылғы 6 мамырда сағат 12:48-де Алматы халықаралық әуежайына Сеул – Цюрих бағыты бойынша ұшып бара жатқан Swiss Air әуе компаниясының Airbus A350 ұшағы шұғыл қонды. Бұған екінші пилоттың денсаулығының нашарлауы себеп болды. Оған жедел абдоминалды синдром болуы мүмкін деген күдік туған. Ұшақ қонған сәтте бортты әуежайдың медициналық қызметі күтіп алды. Мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін белгіленген тәртіп бойынша науқасты қалалық жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Қажетті тексеруден өту және әрі қарай ем алу үшін пилот №4 қалалық ауруханаға жеткізілді”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін SWISS ұшағы Қазақстан аумағында апаттық белгі беріп, бағытын өзгерткені белгілі болған еді. Бас көлік прокуратурасы қону сәтті өткенін хабарлады.

Швейцариялық Tages-Anzeiger басылымының мәліметінше, ұшақ бортында үш дәрігер болған. Олар қонуға дейін экипажға көмектескен. Дәрігерлермен кеңескеннен кейін ұшақ командирі пилотқа жедел көмек көрсету үшін Алматыға қону туралы шешім қабылдаған.

Swiss International Air Lines – Швейцарияның ең ірі әуе тасымалдаушысы. Компания Германияның Lufthansa концерніне кіреді.

Еске салайық, 27 қараша күні Астана-Алматы бағытындағы рейсте күтпеген жағдай болды. Жолаушылардың бірі өзін нашар сезінген кезде Ақмарал Әлназарова алғашқы медициналық көмек көрсетті.  Оқиға куәгерлер тарапынан видеоға түсіріліп, Threads желісінде жарияланғаннан кейін кей қазақстандықтар оны “қойылым” деп бағалады.

Stan.kz
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 17:45