"Журналист келетіні туралы алдын ала ақпарат бермеген": Алатау ауданының әкімі мәлімдеме жасады
Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков әкімдікке кірмек болған "Хабар 24" арнасының тілшісін күзетшінің далаға көтеріп алып шығып, есікті жауып алғанына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Шенеуніктің айтуынша, әкімдік ғимаратына тілшінің келетіні туралы алдын ала хабарланбаған. Ал әкім ол уақытта ауданды аралап жүрген.
"Алатау ауданында "Шетсіз қала" жобасы бойынша қыруар шаруа атқарылып жатыр. Солардың бәрін аралап, өзіміз барып көреміз. Кеше ықшам аудандарды аралап, жобаларды тексеру жұмыстарын жүргіздік. Мен аудан әкімдігі ғимаратында болған жоқпын. "Хабар" телеарнасының тілшісі келіп, ғимаратқа турникеттің астынан өтіпті. Күзет қызметкерлері Ashyq қосымшасын қолдануды талап еткен, тілші өтпеген. Алайда қызметкердің іс-әрекетін ақтамаймыз", – деді Алатау ауданының әкімі.
Осы жағдайға байланысты аудан әкімдігінде тиісті комиссия құрылды. Комиссияны аудан әкімінің орынбасары Бектас Сәбитов басқарады.
"Толық іс-шара өткеннен кейін қандай шара қолданылғаны хабарланады. Күзет қызметкері ғана емес, мұндай бұйрық берген, осыған жауапты мемлекеттік қызметшілер де жауап береді. Қазақстандағы жалпы ереже бойынша Ashyq қосымшасы жұмыс істеп тұр, Алатау ауданының ғимараты да сол қосымша арқылы жұмыс істейді. Бұл – бәріне ортақ ереже", – деді аудан әкімі Азамат Қалдыбеков.
Ол, сондай-ақ Алатау ауданының әкімдігі тұрғындар мен БАҚ өкілдеріне әрдайым ашық екенін жеткізді.
"Менің ақпаратым бойынша, журналист әкімдік ғимаратына кеше келген, екі күн бойы жүрген жоқ. Ауданды аралау жұмыстарымен жүргендіктен, бұл туралы білген жоқпын. Тілшінің ғимаратқа келгенін білген жоқпын. Өйткені біздің күнделікті жұмысымыз бар. Тілшінің орынбасарларыммен сөйлескені жайында да ақпарат жоқ. "Хабар" телеарнасының тілшісі келеді деген ақпарат болмады, ал келгені туралы кешкі 8-де білдім",- деді ол.
Ал тілшіні көтеріп сыртқа шығарған күзетші істің мән-жайы анықталғанша қызметінен шеттетілді.
Айта кетсек, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің күзетшілерінің бірі "Хабар 24" телеарнасының журналисі Ақбөпе Тәңірбергенді мемлекеттік мекеме ғимаратынан күштеп шығарып жіберген болатын.
Өз кезегінде әкімдік өкілдері желіге басқа қырынан түсірілген видео жариялады. Онда журналист пен оператордың турникет астынан карантиндік шектеулерді елемей өтіп кеткені байқалады.