"Жолды қиратып, көліктерді шайып кетті": Қырғызстанда тағы да сел жүріп, төрт адам із-түссіз жоғалып кетті (видео)
Қырғызстандағы Ош облысы мен Ош қаласында тағы да сел болды. Табиғи апат салдарынан жолдар қирап, көшелерді су басып, төрт адам із-түзсіз жоғалып кетті. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24kg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: 24kg
Ведомствоның мәліметінше, сағат 14.00 шамасында жауған жаңбыр салдарынан Толойкон ауылы мен Озгур ауылындағы "Бөрүбай-Ата" демалыс орталығында сел жүрген. Оқиға орнына 46 құтқарушы жеткізіліп, 420 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Ақ-Бұура өзені арнасынан асып, қала көшелерін, соның ішінде Зайнабидинов көшесінде орналасқан базарды су басты.
Куәгерлердің желіде жариялаған бейнежазбаларынан орталық базарда тауарлар мен азық-түлік өнімдерінің суда қалып қойғанын, бірнеше көлікті бұлақ ағызып әкеткенін, адамдар қауіпсіз жерге жету үшін еңіспен төмен түсуге мәжбүр болғанын көруге болады.
Ош облысында табиғи апат Қара-Суу ауданының Асан-Чек және Манас ауылдарында тіркелді. Лай ағыны үйлерді, аулаларды, көшелерді басып қалды. Ош – Гүлше – Еркештам жолы уақытша жабылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің жергілікті департаменттері мен азаматтық қорғау қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Ош қаласындағы "Мол бұлақ" демалыс орталығында сел төрт демалушыны алып кетті.
Сонымен қатар Ноокат ауданы Жийде ауылында Ош-Баткен-Раззақов тас жолының 57-шақырымында сел болды. Осыған байланысты бағыт уақытша жабылды. Сел салдарын жою жұмысы жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанның Ош облысындағы Ноокат ауылында алапат сел жүріп, сегіз адам қаза тапқаны туралы жазған едік. Ішінде екі қазақстандық бала бар.