Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі бөлмелі пәтер ұттым": Алматылық мұғалімдер қалай үздік оқытушы атанғандарын айтып берді

Оқушыларың мен әріптестерің ғана емес, ел қызығып, сүйсінер оқытушы болу үшін педагогикалық жұмысты қалай жүргізу керек? Шәкірттерің пәнді қызығып оқу үшін қандай жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдану қажет? Осы және өзге де сұрақтарды “Жыл мұғалімі” және “Жас мамандар арасындағы үздік оқытушы” атанып, жетістікке жеткен ерекше ұстаздарға қойып, өз ісінің мамандарымен сұхбаттастық. 

37 жастағы Мақпал Чукеева 2020 жылы Алматы қаласының “Жыл мұғалімі” атанған. Ол – оңтүстік астанада Әуезов ауданына қарасты №133 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі. Отбасылы, бес баланың анасы. Ұстаздық жолында жүргеніне 10 жыл болған.

Мақпал Чукеева, жеке архивтен

“Өзім Жамбыл облысы Жуалы ауданының қызымын. Мектепті де, жоғары оқу орнын да Тараз қаласында аяқтадым. Еңбек жолымды алғаш рет Алматы қаласында бастадым. 2005 жылы оқуды тәмамдаған соң, бірден мектепке орналасып, жұмысқа кірістім. Көп ұзамай тұрмыс құрып, бала тәрбиесінде отыруыма байланысты алты-жеті жылдай қызметімде үзіліс болды. Бастауыш сыныптың математика, ана тілі, әліппе секілді негізгі пәндері бойынша сабақ беремін. 

Өзім балажанмын, балаларды өте қатты жақсы көремін. Сондықтан да бастауыш сынып оқушыларымен, бүлдіршіндермен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Мен үшін үйдегі өзімнің балаларым мен сыныптағы оқушыларым бірдей”, – дейді Мақпал.

Педагогтің айтуынша, “Жыл мұғалімі” атты қалалық байқау жарияланғанын біліп, бағын сынап көрмекке бел буады.

“Байқаудың барлық кезеңінде де қатысушыларға бірдей талап қойылады. ”Жыл мұғалімі" байқауының мектепшілік, аудандық кезеңдерінен бас жүлде алып, қалалық кезеңде барлық ауданның ұстаздары арасында бас жүлдеге ие болдым. Байқау бес кезеңнен тұрды. Оның ішінде, "Мектебім – менің жүрегім", "Менің жаңашыл педагогтік тәжірибем" атты тақырып бойынша тұжырымдама қорғадық. Сондай-ақ ашық сабақ, тәрбие сағатын оқушыларға өттік. Соңғы кезең бойынша "Менің Қазақстанға қосқан үлесім" атты тақырыпты қорғап, толықтай мағлұмат беруге тырыстық”, – дейді Мақпал. 

Мұғалім байқау қорытындылары бойынша жеңіске жетіп, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алған. Ең қуаныштысы сол, көп балалы ана пәтер ұтып, баспаналы болған. Мақпалдың сөзінше, бұған дейін отбасымен мектепке таяу маңда пәтер жалдап тұратын. 

“Бұл жетістікке тек жалғыз өзімнің күшіммен, еңбегіммен жеттім деп ойламаймын. Бұл жеңістің артында үлкен еңбек, яғни ауызбіршілік пен жұмылған жұдырықтай біріккен бүкіл бір ұжымның еңбегі тұр. Дайындық барысында ұжымдастарым техникалық жағынан да, идея тұрғысынан да көмек көрсетіп, тіпті ішер суыма дейін әкеліп көмектесіп жатты. Біздің мектепте кез келген ұстаз байқауға қатысатын болса барлығымыз бір үйдің баласындай жинала кетеміз.

Мектебіміздің директоры Нұрлан Жұмағазыұлына айтар алғысым шексіз. Осындай білікті басшының білімділігінің, жан-жақтылығының арқасында мектебіміздегі көптеген ұстаздың жұлдызын жағып жатыр. Міне, нағыз басшы әр ұстазына осындай үлгі бола білсе, біздің елде білімді, шығармашыл мамандар көп болар еді”, – дейді мұғалім. 

Мақпалдың айтуынша, мұндай сипаттағы байқаулар өзіңді дамытып, біліміңді арттырға септігін тигізеді.

“Өзім де үлкен сабақ алдым. Мен де артымнан еріп келе жатқан ізбасарларыма, жастарға жол сілтеп, білгенімді үйретемін деген ойдамын”, – дейді ол. 

Мақпал Чукеева, жеке архивтен

Бастауыш сынып мұғалімі мұндай марапатқа ие болу жолында қиындықтардың да болғанын айтады. 

“Бұл байқау біз қатысқан уақытта, яғни карантиннің ушығып тұрғанында онлайн форматта өтті. Қиындықтың бірі – қарсы алдыңда шәкірттің болмауы. Сабағымызды панаромалық сабақ ретінде түсіріп жібердік.  Осы тұста біраз қиналдық, себебі біз, ұстаздар қауымы, үнемі камераның алдында жүрмейміз. Дегенмен де,  бұл қиындықтарды жеңе еңсере алдық деп ойлаймын”, – дейді “Жыл мұғалімі”.

Аталған байқау қорытындысы бойынша мұғалімдерге: бас жүлде үшін – пәтер, бірінші орынға –  автокөлік, екінші орынға –  2 млн теңге қаржы, үшінші орынға 1 млн теңге берілді. Қалған қатысушыларға 50 мың теңгеден табыс етілген. 

Мақпалдың сөзінше, екі бөлмелі пәтерді ұтқанын естігенде қуаныштан көзіне жас келген.

“Тікелей эфир барысы болған соң, өз-өзімді ұстауға тырыстым. Әкімге алғысымды білдіріп жатқан кезде де жүректе үлкен толғаныс пайда болды. Үлкен қуаныш сезімі бойды билеп, ең алдымен мектептегі ұжымның еңбегінің ақталғаны үлкен абырой болды. Әрине жеңіске өзіміді лайық санап, бұған сендім. Өйткені біздің тынбай еңбектенгенімізден соң, үлкен дайындықтан соң, жеңуім керек еді”, – дейді Мақпал. 

Айтуынша, ең алдымен әр адам өз мамандығын шын жақсы көру керек. Шынайы махаббатпен адалдықтың ақ жолынан таймаса, балаға деген махаббаты ерекше болса ол ұстаздың күндердің күнінде биік белесті бағындыратынына ұстаздың сенімі мол.

“Сонымен қатар ұстаздың ізденімпаз болуы шарт. Жан-жақты үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Ізденісті тоқтатқан күні ол да ұстаздық жолын тоқтатады деп ойлаймын. Бастауыш сыныптағы оқушыларға білім берудің өзіндік қиындықтары, артықшылықтары бар.  Мен үшін алдымда отырған 30 түрлі оқушының отыз түрлі тағдыры, отыз түрлі мінезі бар. Басты мақсат – қарсы алдымда отырған отыз баланың жүрегінен орын алу”, – дейді  ол. 

28 жастағы Қалмас Аманкельдыұлы Алматы қаласындағы №90 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі, қала бойынша “Жас мұғалімдер арасында үздік мұғалім” атанған.

Қалмас Аманкельдыұлы, жеке архивтен

“Алматы облысы Талғар ауданы Бесқайнар ауылында дүниеге келдім. 7-сыныпқа дейін ауылда оқып, әрі қарай Алматы қаласындағы физика-математикалық мектеп-лицейлердің бірінде оқыдым. Бір жылдан соң О. Жәутіков атындағы РФММ (Республикалық физика-математика мектеп-интернатына) оқуға түстім. Мектеп-интернатты аяқтаған соң, Мәскеуде Ядро-физикалық (НИЯУ МИФИ) жоғары оқу орнына бес жыл оқыдым. КАЗАтомПром компаниясында инженер болып жұмыс істедім.

Жан-жақты білім мен тәжірибе жинаған соң, Қалмас бала кезден бергі арманы – мұғалім болу екенін түсініп, бар тәжірибесін балалармен бөлісуді шешеді.

"Студент кезімде репетиторлықпен  айналысып жүрдім. Өзіме ұнайтын. Бір жыл инженерлік қызметтен соң, мектепте сабақ беремін деген шешімге келіп, мектепке ауыстым. Менің мұғалімдік салада дипломым болмаса да, 2019 жылы қыркүйек айында №90 мектеп-лицейі жұмысқа қабылданып, бүгінгі күнге дейін осы мекемеде қызметтемін. Қазіргі таңда 3 жарым жылдық тәжірибем бар. 

Балармен мектепте жұмыс істеу бірден көңілімнен шықты. Қазіргі таңда математика пәнінен 5 және 8-сыныптарға сабақ беремін. Бізде бір сынып екі топқа бөлініп өтеді. Яғни бір топта 10-13 оқушы болуы мүмкін. Әрқайсысына жеке тәсіл қолданамын. Көбінесе әртүрлі есептер беруге тырысамын. Әсіресе, логикалық есептермен көбірек жұмыс істеуге тырысамын”, – дейді математика пәні мұғалімі.

Қалмас жақында ғана өткен математика мұғалімдері арасындағы олимипадада 1-орын алған. Осылайша “Жас мұғалімдер арасында үздік мұғалім” атанған. Онда Алматы қаласы бойынша барлық аудандардан 102 мұғалім бақ сынаған. 

Қалмас Аманкелдіұлы, жеке архивтен

“Мен өз білім деңгейімді көрсетіп, басқа қатысушымен бақ сынасып, өз дәрежемді сынағым келді. Сол уақыттағы жұмыс тәжірибем 2,5 жыл етін. Байқау олимпиада форматында өтті. Олимпиадада математик мұғалімдерге алты есеп берілді. Есептің барлығы да мектеп бағдарламасының аясына енеді.

Соның ішінде бастапқы үш есепті мұғалім шығарады, ал соңғыларында оқушының дәл осы есепті қалай шығарғаны көрсетілген. Яғни, оқушының шығарылу жолында жіберілген қатесін тауып, көрсетіп, сізге ұсынылған есептің мүмкін болатын бірнеше шығарылу жолын көрсету қажет. Ол жерде мен бір есептің бес түрлі шығарылу жолын көрсеттім. Негізі үш түрлі жолын көрсетсеңіз жеткілікті екен. Бұл берілген есептердің барлығы да оңайға түскен жоқ”, – дейді Қалмас.

Байқау ерекшелігі – мектеп бағдарламасына сай болғанымен шығармашылыққа басымдық беру қажет  дейді математика пәнінің мұғалімі. Жүзден астам қатысушы мұғалімдердің арасынан оза шабуына Қалмас өзінің мектеп қабырғасында оқып жерген уақыттан бергі математика пәніне деген сүйіспеншілігі мен аудандық, қалалық олимпиадаларға қатысып, топ жарып жүргені деп біледі.

“Бұл олимпиадалар маған үлкен тәжірибе сыйлады. Студент кезімде де, мектепте сабақ беріп жүрген уақытта да балаларды олимпиадаларға дайындап жүрдім, яғни бұл істен алшақ кетпедім. Білімімді үнемі жетілдіріп, ізденіс үстінде болдым. 

Байқау нәтижесі бойынша маған қатысқаным туралы сертификат табыс етілді. Осы арқылы алдағы уақытта мансаб жолында дамуға үлкен мүмкіндік туды. Математика пәнінен болатын барлық байқауларға қатысатын ойым бар. Басты мақсат – мұғалімдердің білімін жетілдіру, сол арқылы тәжірибе алмасу деп білемін.  Осы сипаттағы байқаулар ең алдымен тәжірибе, жаңа идеяластарыңды, яғни жаңа достар табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұстаздар қауымына келесі категорияға өту үшін мұндай байқаулар септігін тигізеді”, – дейді ол. 

Қалмас өз кезегінде тәжірибесі мен білім беру әдіс-тәсілдеріне қатысты мұғалімдерге кеңесін айтты.

"Оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыру үшін қиындатылған, қызықты, логикалық есептерді жиі беріп тұрған дұрыс. Оқушыларға арналған сайыстарды мектеп қабырғасында ұйымдастырып тұрудың үлкен пайдасы бар. Сонымен қатар, мұғалімдер үнемі ізденіс үстінде болып, білімін жетілдіруге ұмтылғаны абзал. Қосымша ағылшын, информатика сияқты жаңа пәндерді игеру адамның ой-өрісін жетілдіреді деп ойлаймын. Және де мұғалімдерге, олимпиадаларға, байқауларға белсенді түрде атсалысып, қатысу қажет. Бұл өз кезегінде жаңа идеяластарыңды табуға, тәжірибе жинап, алмасуға көмектеседі", – деп түйіндеді ойын үздік оқытушы.
 

 

Талқылау