Желіде Бишімбаев сотындағы алқабилердің фотосы тарап кеткен: Судья БАҚ өкілдерін сот залынан уақытша шығаруды бұйырды
Өз әйелін өлтірді деп айыпталған Бишімбаевтың сотында БАҚ өкілдері алқабилердің суретін таратып жіберген. Ал бұған дейін алқабилердің жеке басын құпия ұстау керек екені айтылып, оларды түсіруге тыйым салынған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Репортаждан скриншот
КТК арнасы 9 сәуір күні Бишімбаев сотынан репортаж дайындау кезінде алқабилерді де түсіріп, оны кадрға қосып жіберген. Олардың түрін бұлыңғырлатпаған.
10 сәуір күні сот Бишімбаев ісі бойынша алқабилердің суретін таратуға қатысты тергеуді тағайындады. Судья тергеу аяқталғанша, БАҚ өкілдерін сот залынан шығаруды бұйырды. Енді журналистер сот залына кіре алмайды.
Осыдан соң КТК репортажды өшіріп тастады.
Еске салайық, Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.