Жаңаөзенде тұрғын үй апатынан аман қалған отбасы ғажайып оқиғасымен бөлісті
Жаңаөзендегі жарылыстан қаза тапқандар саны төрт адамға жетті. Тағы 13 адам жараланып, оның алтауы ауруханаға жеткізілген. Жағдайы ауыр екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр, дейді дәрігерлер. Қазір құтқарушылар қирандыларды аршумен айналысып жатыр деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше төрт пәтер толық бүлінген. Жермен-жексен болған баспаналар тұруға жарамсыз. Жергілікті билік төтенше жағдайға тап болған тұрғындарды далада қалдырмайтынын айтып сендіреді.
Екіқабатты тұрғын үйдің бір бөлігіндегі төрт пәтердің дымы қалмаған. Болжам бойынша газ қоспасы төгіліп, 150 шаршы метр аумаққа зиян келген. Төтенше жағдай департаментінің мамандары үйінділерді тазалап, бүлінген аумаққа тексеріс жүргізіп жатыр.
Қайғылы оқиға таңғы сағат төрт шамасында болған. Жаңаөзен қаласындағы 12 пәтерлі үйдің кіреберісі жарылған. Соның салдарынан төрт адам қаза тапты. Марқұмдардың мәйітін құтқарушылар үйінді астынан қазып алды. 13 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның сегізі — бала. Қазір алты науқас ауруханаға жатқызылса, жеті адам үйіне жіберілген.
"Екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Біреуі жүкті келіншек. Оған қазір операция жасап жатыр. Облыстан бас нейрохирург мамандар келді. Омыртқаларына ота жасайды. Екінші науқастың аяғы бетонның астында қалған, жағдайы ауыр. Травматология бөлімшеде бес науқас жатыр. Алтау еді, біреуі облыстық ауруханаға жіберілді, кішкентай бес жасар қыз", - дейді Жаңаөзен көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Серік Асқаров.
Таңда болған қатты жарылыс тарс ұйқыда жатқан тұрғындардың әбден зәресін алған. Тіпті тұрғын үйдің жанындағы пәтерлердің терезесі шағылып, қабырғасы шытынап, есігі сынған.
- Жаңаөзенде болған жарылыстың себебі анықталды – прокуратура
- Жаңаөзендегі жарылыс газ баллонынан шыққан жоқ - Төтенше жағдайлар министрлігі
- Қаза тапқандар саны төрт адамға жетті: Жаңаөзендегі жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды
"Ұйықтап жатыр едік, тарсылдап шықты, қорқып кеттік, жер қозғалған екен деп. Далаға шықсақ, тұман, тек шаңшаң болып жатыр. Жақсы адамдар еді, бала-шағасы бар. Бір түйір баласына келін алды. Құдаларды шақырайын деп отыр еді. Мына үйдің терезесін шақты. Менің есігім сынды. 30 жылдан бері тұрамыз. Газымыз да көне, электр сымдары да тозған", - дейді қала тұрғыны Гүлім Сәрсенғалиева.
Тас-талқаны шыққан кірберісте алты пәтер орналасқан. Соның төртеуі жермен-жексен болды. Апат болған сәтте бес отбасы зардап шекті. Ал алтыншы пәтердегі тұрғындар Ақтауға қонаққа кеткен екен. Олар үйдің астымен жүргізілген газ құбырынан ақау шықты дейді. Сондықтан зардап шеккендер құбырды көзге көрінетін жерге шығаруды сұрап отыр.
"Осы үйде тұратын едім. Үйім құрыды, әйтеуір өзім аманмын. Кеше Ақтауға қызыма кетіп қалғам. Көршілерім, неше адам кетіп жатқанын білмеймін. Газ құбырын жердің астына тықты. Ол деген болмайтын зат, жердің астында газ болады деген не сұмдық! Бетінде тұру керек. Көрініп тұру керек. Мынау кәдімгі табиғи құбырмен келіп жатқан газ. Жертөледе жиналған дейді ғой, білмеймін. Жердің астына тығылған газ құбырын бетіне шығару керек", - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сахиба Мажиева.
Төтенше жағдай департаменті алдын ала болжам бойынша ауаға газ тарап, жарылыс содан болуы мүмкін деп отыр. Қазір құтқарушылар үйіндіні жинап, оқиға орнында зерттеу жүргізіп жатыр.
"Болжам бойынша газ ауаның қоспасының жарылуы болып есептеліп отыр. Жарылу себебін анықтауға департаментпен қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 29 бабының 3-тармағымен. Ол жерде қызметкерлеріміз айналысады. Себебін нақты анықтайтын болады. Одан бөлек, жарылу себептерін анықтайтын сараптамалар тағайындалатын болады", - деп түсіндіреді Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Мұрат Мұханов.
Оқиғаның анық-қанығын зерттеуге Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен жедел-штаб құрылды. Шенеуніктер баспанасыз қалған отбасыларға жаңа пәтер алып беретіндерін айтады.
Еске салайық, 17 сәуір күні таңертең Жаңаөзенде газ баллонының жарылуы салдарынан тұрғын үйдің кіреберісі опырылып құлаған.