Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күндіз той жасаған жас отбасыға Шу қаласының әкімі сыйлық табыс етті

Шу қаласының жергілікті атқарушы органы тұрғындарға тек күндізгі уақытта той жасауды әдетке айналдыруды ұсынды. Тіпті қала әкімі бұл үшін ынталандыру сыйлықтарын беретін көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Telegram-арналардың бірінде Шу халқының жаңа тренд бастап, тойды күндіз атап өтіп жүргені туралы ақпарат тарады. Қала әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев отбасылық жиындарын күндіз атап өткен жандарға сыйлық тарту етеді екен. Ол баласының 1 жасын тойлаған жас отбасыға кір жуатын машина сыйлады. 

“Біз жерлестерімізді тойды күндізгі уақытта өткізуге шақырамыз. Іс-шараны ертерек бастап, ерте аяқтайсыз. Бұл бірреттік шара емес. Біз бұл бастаманы қолдайтын жерлестерді жігерлендіріп отырамыз ”, – дейді қала басшысы.

Аталмыш бастамаға қатысты жергілікті тұрғындар пікір білдірді.

“Қонаққа ерте шақырғанымен адамдар кеш жиналады”, “Сыйлықты тойға бармайтын адамға беріңдер”, “Несие алып той жасайтындарға мүлдем тыйым салу керек”, – деп жазды желі қолданушылары. Десе де, қала халқының басым бөлігі бұл бастаманы қолдаған.

Әкімдіктегілердің айтуынша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған аудандық жиындардың бірінде іс-шараларды мерзімінен бұрын өткізу мәселесі қаралды. Әкімдік, құқық қорғау органдары, бизнес өкілдері мен қоғам белсенділері арасында тиісті меморандумға қол қойылды.

“Осы мақсатта Шу қаласындағы мейрамханаларды аралап, ең ерте басталған тойға барып, той иесіне арнайы сыйлық табысталады. Қала әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев құттықтау сөзін айтып, сөз мазмұнында тойды ерте бастауды да негізге алды”, – деп жазды әкімдік.

Осылайша әкімдіктегілер тұрғындарды тойға ерте барып, ерте бастауға шақырды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 12 Қараша, 2024 15:35