Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында 200-ге жуық тұрғын өртеніп кете жаздады

Жамбыл облысында 200-ге жуық адам тілсіз жаудың құрбаны бола жаздады. Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйдің шатырынан өрт шығып, тұрғындар түн жарымда далаға қашып шыққан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап. 

От шарпыған үйден жалпы саны 180 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның 70-і - балалар. Ал өрт түнгі сағат екі шамасында тұтанған. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер жалынмен 4 сағатқа жуық алысып, таңғы сағат бес шамасында сөндірді.

Шатырдың 720 шаршы метрі күлге айналған. Құтқарушылардың мәліметінше, пәтерлер зақымдалған жоқ. Қазір келтірілген шығын көлемі есептелуде. Ал түн ішінде далада тентіреп қалған тұрғындарға жақын маңда мектептен жатын орын әзірленіпті. Бірақ көбі от өшірілген соң таң ата үйіне оралған.    

“Болжап та ештеме айта алмаймыз, қазір оқиға орнында тергеу тобы жұмыс жүргізіп жатыр, полиция департаментімен бірлесіп. Өрт, шамамен электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін”, – дейді Жамбыл облысы ТЖД бастығы Ермек Момбаев.

Талқылау