Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалақымыз жетпейді": Ақтау, Жаңаөзен, Мұнайлыда жедел жәрдем қызметкерлері ереуілге шықты

Маңғыстау облысында екі күннен бері жедел жәрдем қызметкерлері наразылық білдіруде. Жұмысқа шығудан бас тартқандар жалақыны көтеруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Ашынған ақ халаттылар жұмыс орнында түнеп, қазан-ошағын да осы жерге әкеліп алған. Айтуларынша, айлық тым мардымсыз.

Ал наурыз айында жалақыға қосылған үстеме жаздың ортасынан бері  төленбейтін болыпты. Сондықтан тамыз айында да ереуілге шыққандар осы жолы соңына дейін күресуге бел буып отыр. Ақтаудағы жедел жәрдем станциясының қызметкерлері осымен екінші күн қатарынан жұмысқа шықпай ереуілдетіп жүр.

Олар дәл жұмыс орнында  түнеп, ас суын да осы жерде ішеді. Барлығының басты талабы – жалақыны көбейту. Тәулігіне 30 шақыртуға шығатындар "мардымсыз айлық аламыз" деп ашынып отыр. 

“Алатынымыз 155 мың теңге. Жүргізушілер 110 мың алады. Ол деген қымбатшылық кезде өте аз. Өздеріңізде білесіздер, 100 мыңға бір кіріп шыққанға азық-түлік те жетпейді. Бізде наурыз айында 40 мың теңге үстеме қосылған, енді сол 40 мың теңгені алып тастап отыр”, – дейді  фельдшер Жарасхан Серік.

Бұл Маңғыстаудағы жедел жәрдем қызметкерлерінің алғашқы ереуілі емес. Наразылар осыған дейін наурыз айында митингіге шығып, жалақы біраз көбейген. Алайда соңғы кездері басшылық оны да алып тастаған көрінеді. Бұл аздай, жұмыс жүктемесі де көбейіпті. Мәселен облыс бойынша 25 жедел жәрдем бригадасы болуы шарт екен. Бірақ қазір соның жартысы ғана жұмыс істейді дейді жиналғандар.

“Бір жылдың көлемінде айтылып келе жатқан жағдай. Облыс көлемінде жиналыстарға да қатыстық, жүргізушілер де бар, фельдшерлер де бар. Бірақ шешімі тек қағаз жүзінде қалады. Шақыртуға баратын бригада көлемі негізі екі фельдшерден және бір жүргізушіден тұру керек. Қазір біз бір ғана фельдшермен жұмыс істеп жатырмыз. Фельдшер құрамы бір адам тәулігіне 24-30 шақыртуға баратын күндеріміз болады. Ол жүктемеден біршама артық”, – дейді фельдшер Тұрар Сатқанбаев.

Ал Облыстық денсаулық сақтау басқармасы фельдшерлер мен жүргізушілердің мәселесінен хабардар. Бірақ бригада санын көбейту бір күннің жұмысы емес дейді. Ол сұрақты шешуге қосымша уақыт керек екен. Ал айлық мәселесі оң шешімін тауып, қызметкерлерге үстеме төленетін болыпты.

“Түсіндірме жұмысы жүргізілді. Айтылды. Кешеден бері 732 шақырту түсті. Оның 702-не шақыртудың бәрі де диспетчер арқылы ауызша консультация берілді. Байқау кеңесінің шешімімен наурыздан бастап жүргізушілерге 90 мың теңге, фельдшерлерге 40 мың теңге, басқа қызметкерлерге 30 мың теңге, және тазалықшыларға 30 мың теңгеден қосылды. Ол наурыз айынан бастап. Мұндай үстеме ақы беру жалақысына 90 мың теңге беру басқа өңірлерде жоқ”, – дейді Маңғыстау облысы жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Амантай Досжанов.

Ақ халаттылардың ереуілі Ақтауда ғана емес, Жаңаөзен мен Мұнайлы ауданында да болып жатыр. Бәрінің талабы – жалақыны көбейту. 
 

Талқылау