Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр 4 облыста жер сілкінісі неше балдан болғанын айтты

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысы кезінде Алматыда жақын арада жойқын зілзала болмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Ол зілзала эпицентрі Алматыдан 264 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытай шекарасында болғанын атап өтті. Өткен түнде Алматыда 5 балдық, Шымкентте 2, Жамбыл облысында 2-3 балдық және Жетісу облысында 2 балдық жер сілкінісі тіркелген. Алдын ала деректер бойынша ғимараттарға зақым келген жоқ. 

"Сейсмологиялық болжам жасау комиссиясының отырысында Алматы аумағында күшті жер сілкінісі болмайтыны анықталды. Осыған байланысты өңір тұрғындарын байбаламға салынбай, тек ресми дереккөзге сенуді сұраймыз. Қазір ғимараттар мен нысандар, оның ішінде гидротехникалық нысандар тексеріліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтардың барлық хабарламасын қарап жатыр. Сонымен қатар зілзала кезінде қалай әрекет ету керек екені туралы үгіт-насихат жүргізеді”, - деді Сырым Шәріпханов. 

Оның айтуынша, басқа өңірлердің күші мен құралы төтенше жағдай бола қалса, сол аймаққа баруға дайын.

Жер сілкінісі кезінде Алматыда неліктен дыбыс дабылы қосылмағаны туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев түсініктеме берді. 

Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ. 

Талқылау